ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – ГЕНДЕРЛІК ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА
Түркістан облысы гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және жою жұмыстары бойынша республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бұл туралы Түркістанда басталған гендерлік саясат жөніндегі арнайы семинар-тренингте БҰҰ жанындағы ЮНФПА-ның бағдарламалық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова мәлімдеді. Оның айтуынша, ЮНФПА мен Түркістан облысы әкімдігі бірнеше жылдан бері бірлесе жұмыс атқарып, өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі жемісті жұмыс атқаруда. Бұл пилоттық жоба Қазақстанда ғана емес, Орта Азия бойынша Түркістан облысында жүзеге асқанын айта кеткен жөн.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов семинардың маңыздылығына тоқталды.
– Біз БҰҰ жанындағы ЮНФПА-мен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатырмыз. Биыл облыс әкімі мен мәслихатының қолдауымен тұрғындары тығыз орналасқан үш аудан, қалада көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсететін 3 дағдарыс орталығы ашылады. Әйелдерге әлімжеттік көрсету мәселесі бүкіл әлемде бар. Оған қарсы күрес жалғаса береді. Бастысы – ана мен баланың бақытты, отбасының бүтін болуы. ЮНФПА-мен бірге Түркістан облысында әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Соның негізінде гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және жою бағытында арнайы коммуникациялық стратегия әзірленді. Бүгінгі семинарда журналистика саласындағы әріптестерге осы мәліметтер ұсынылады, – деді С.Қалқаманов.
Семинар-тренингке Түркістан өңірінің аудан, қалаларындағы БАҚ өкілдері мен ішкі саясат және әлеуметтік қызмет көрсеу салаларының қызметкерлері қатысты. Оларға С.Сәбитова, Е.Мұстафин және өзге де тренерлер мен психологтар түрлі тақырыптар бойынша кеңес беріп жатыр. Атап айтсақ, гендерлік зорлық-зомбылықтың негізгі ұғымдары мен түрлері, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау және басқа да мәселелер қозғалды. Отбасыдағы әлімжеттік, зорлық-зомбылық деректерін БАҚ-қа, қоғамға жариялау әдептері түсіндірілуде. Семинар екі күнге жоспарлаған.
Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жедел әрекет ету бағытындағы ведомствоаралық жүйесі өз жемісін беруде. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі арқылы әйелдерге қолдау көрсетілуде. Аталған жоба БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының «Орталық Азияда гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы әрекет етуді жақсарту үшін ұлттық әлеуетті күшейту» жобасы аясында қолға алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі