Баланың бір жасқа дейінгі төленетін жәрдемақысы 1,5 жылға ұзаруы мүмкін

176

Алдағы уақытта бала күтімімен айналысатын қазақстандықтар мемлекеттік жәрдемақыны 1 жыл емес, 1,5 жыл бойы алуы мүмкін. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифинг кезінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел мәлімдеді, деп хабарлайды ArShat-kaz порталы Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

«Біз әлеуметтік кодекс аясында бала күтіміне берілетін мемлекеттік жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартуды ұсынып отырмыз. Қордың қызметі әлеуметтік жәрдемақыны төлеумен ғана шектелмейді. Біз жалпы жүйенің, оның ішінде қаржы тұрақтылығын сақтауға жауаптымыз. Жалпы әлеуметтік міндет – ұзақмерзімді шаруа. Дегенмен дәл қазір бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау мерзімін ұзартуға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын», деді Нұрсұлу Кемел.

Оның айтуынша, қазір аталған мәселе талқыланып жатыр. Қорытынды шешім көпшілікке жарияланады.

«Сонымен қатар асыраушысынан және еңбек қабілетінен айырылған жағдайда берілетін жәрдемақының да маңызы зор. Бүгінде аталған жәрдемақы түрін 160 мыңнан астам адам алып отыр», деді ол.

Айта кетейік, қазір елімізде 1 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған төлемнің орташа мөлшері – 41 мың теңге.

 

Advertisements