ДІН МЕН ДӘСТҮРДІҢ САБАҚТАСТЫҒЫ
Дін мен салт-дәстүрдің қазақ қоғамындағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дәстүрлі дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін өте маңызды.
Әр халықтың өзіне тән, ғасырлар бойы қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, тазалық, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Әлемде халықтар ішінде Қазақ халқы ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға ерекше мән берген.
Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Түрлі тарихи оқиғалар болсада дәстүрлі діннің тағылымы негізінде дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтасып келген.
«Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар» деп айтуға болады. Құран аятында «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» — деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.
Ислам ғалымдарының бірі «Ислам шариғатында, «Әл-ъурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» -деген. Имам Сархаси: «Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады!» -деген. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген нақыл бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға болмайды.
Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Салт-дәстүр – Құран мен Сүннет мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс.
Әдет пен ғұрып, сирек кездесетін емес, кең тараған болуы қажет. Имам Суюти: «Салт-дәстүрмен тек, егер олар кең тараған яғни қоғамдық ортада мойындалған болса ғана санасады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды».
Салт-дәстүр бізге бұрынғылардан жеткен, қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы керек. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.
Дәстүрлі Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы кереғар діни топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер.
Хадисте «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам» – деген. Ал, бүгінде жасыратыны жоқ өзін мұсылман-намазханмын деп жүріп, ата-анасына тіл тигізіп, асын ішпей, өз ұлтынан жиреніп, ұлттық ғұрыпты харам, ширк, бидғат деп, салт пен сүннетті қағыстырып жүрген бауырлар бар. Мұны әлбетте олардың діни білімсіздігі, надандығы деп білгеніміз абзал. Ондайлардың көзқарасына бола Исламға шошына, үрке қарауға болмайды.
Ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету. «Дінді ұстай алсаң қасиетің ұстай алмасаң қасіретің» — дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз.
Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігі әзірлеген