САЛАФИЛІК ИДЕОЛОГИЯҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ҰЙЫМДАР

139

Александриялық салафилер мектебі – өткен ғасырдың жетпісінші жылдары египеттік студенттердің белсенділігі нәтижесінде пайда болған «Әл-жамаға әл-исламия» ұйымынан бөлініп шыққан студенттерден құралған ұйым. Сол кездегі «Әл-жамаға әл-исламия» ұйымының көптеген өкілдері Мұсылман бауырлар (МБ) қозғалысының мүшелігіне кіре бастады.

Қазіргі таңда бұл ұйымның әйгілі уағызшылары – Мухаммад Хассан, Мухаммад Хусайн Яъқуб және Абу Исхақ Хуайни. Олар Египеттің және басқа елдерге тиесілі кабельді телерадио арналарда, интернет платформаларында белсенді насихат жұмыстарын жүргізетін уағызшылар ретінде араб әлеміне өте танымал.

Александрия салафилері өздерін елдің саяси өмірінен алшақ деп көрсеткісі келгенімен, саяси үдерістерге ықпалын тигізіп жатқандығы белгілі. Олар «Ансар ас-сунна» салафилеріне қарағанда Египеттің саяси өмірін талқылауда көбірек белсенділік танытады. Сондай-ақ олар елді ислам шариғатымен басқармайтын басшыны «кәпір» деп санайды. Алайда мұны ашық айту үшін бұлтартпас айғақ қажеттігін алға тартады. Салафи үндеушілері Египеттегі ислами емес мемлекеттік институттармен, мекемелермен байланысудан, олармен бірігіп жұмыс жасаудан бас тартады. Дегенмен осы тақырып аясында салафи ғалымдарының арасында көптеген пікір қайшылықтары бар. Мысалы, Александриялық салафилер мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі Мухаммад Хассан салафилерді саясатқа араласуға және саяси партия құруға жиі үндеп келеді.

Қазақстанда өз идеологиясын ашық және астыртын жолдармен тиімді түрде насихаттай білген александриялық салафилер аз уақыт ішінде өз пікірлестерінің санын күрт көбейтуге қол жеткізді. Қазіргі таңда салафилер қозғалысына ерушілер қоғамның барлық саласында кездеседі.

«Мадхали» ұстанымындағы салафилік. «Мадхалия» ағымы − 1991 жылы Ирактың Кувейтті оккупациялағанынан кейін Сауд Арабиясында, Парсы шығанағының аймағында, Кувейтте кең тараған салафилік бағыттағы ұйым. Ұйым мүшелері Мәдина қаласының атын иемденіп, өздерін «әл-Мәдина жамағаты» деп атайды. Мадхалия ағымы Сауд Арабиясы королін АҚШ-тың көмегіне жүгінгені үшін «кәпір» деп айыптаған  сурурилер мен ихуандық топтарға қарсы шыққан ұйым ретінде пайда болды. Ұйымның құрылуының бастамашысы – Мәдинадағы Ислам университетінің Ақида факультетінің дәріскері, эфиопиялық Мухаммад ибн Аман әл-Жами. Ал оның идеяларына қызығушылық танытып, қолдау көрсеткен  әрі ұйым қызметін дамытқан Рабиғ ибн Һади әл-Мадхали болатын. Осыған байланысты қалың жұртшылыққа аталмыш салафилік ұйым «жамия» және «мадхалия» атауларымен танымал.

Мадхалия ағымы басқа салафилік ағымдардан айырмашылығы көп емес, бұл бағыттағы ағымдардың басты идеологиялық тіні бір. Ол – салафизм мәнһажі, яғни уаһабшылдықтың негізін салушы Мухаммад Абдул Уаһһабтың «таза ислам» немесе «салиқалы бабалардың жолын» ұстану идеясы. Барлық салафилік ағымдардың идеологиялық негіздерін құрайтын ұстанымдар мен қағидаттар да осы Абдул Уаһһабтың фундаметалды еңбектеріне сүйенеді. Олар бір-бірінен тек белгілі бір көзқарастар мен идеялар негізінде ерекшеленеді.

Мадхалия салафилерінің пайда болуына ықпал еткен оқиғаларға байланысты бұл ұйымның өзге салафилік жамағаттардан ерекшелейтін көзқарастарын айқындауға болады. Мысалы өзге салафилік топтар елді ислам шариғатымен басқармайтын басшыны «кәпір» деп санайды. Сондай-ақ кейбір салафилік ұйымдардың пікірінше, егер басшы мұсылман бола тұрып зайырлы заңдармен ел билесе, ол – басшы ретінде танылғанымен, шариғи тұрғыдан рухани басшы ретінде мойындалмайды. Ал мадхалия салафилерінің пікірінше мұсылман қоғам кез-келген жағдайда елбасының және үкіметтің ұстанымдарына қарамай оларға сөзсіз бағынуы, әмірлерін екі етпей орындауы тиіс. Әрі басшының өзі өзін мұсылман деп білсе, ол елін зайырлы заңдармен билесе де, халқы үшін рухани көсем ретінде мойындалады.  Мадхалишылар мен өзге бағыттағы салафилердің көзқарастары осындай пікірлерде бір-бірімен қабыспайды.

Сонымен қатар, мадхалия салафилері діни көзқарастары мен идеялары жағынан өздеріне ұқсас Египеттегі «Салафи үндеуі» ұйымының салафилерімен алауыз болып келеді. Мұны мадхалия ғалымдарының саяси белсенділік танытқан александриялық салафилердің беделді тұлғаларын «сурурилер» немесе «ихуаншылар» деп айыптауынан байқауға болады. Қазақстандық мадхалилердің де александриялық салафилерді «сурурилер» деп атайтындығы ақпарат кеңістігінен белгілі.

Мадхалия салафилері Сауд Арабиясы үкіметіне жақын болғандықтан, яғни үкімет тарапынан басқарылатындықтан корольдің жүргізіп жатқан саясатын толығымен қолдайды. Ал александриялық салафилер мадхалилерге қарағанда Сауд үкіметінен біршама тәуелсіз. Осы дербестік мадхалия мен өзге салафилердің арасындағы айырмашылықты айқындай түседі.

Бүгінде елдегі мадхалия салафилерінің арасында салафилік ұстанымдарды белсене насихаттан қазақстандық азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Салафилердің мадхалия, салафи үндеуі, сурурия немесе тағы басқа кез-келген жамағаты өздерінің насихат жұмыстарында қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, қазақы тұрмысты сынауға ерекше құлшыныс танытады. Олар қазақ халқының діни ұстанымдары мен көзқарастарын «ширк» немесе «бидғат» деп бағалай келе, мемлекет құраушы ұлттың тарихи жолын исламнан алыс, мұсылмандыққа жат деп көрсетуге тырысады.

Ұлттық рухани тарихты жоққа шығара отырып, өздерін «шынайы» исламды таратушы жамағат ретінде танытуға тырысатын салафилік ағымдар сол арқылы дәстүрлі қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейді.

Тәкфірші-жиһадшы» идеяларын ұстанған ұйымдар. Салафилік ағымдардың қатарында мемлекеттік құрылымды күшпен құлатуды көздейтін радикалды топтар бар. Олар – сурурилер мен басқа да тәкфіршілік идеяларды ұстанған жамағаттар. Ислам бағытындағы экстремистік ағымдар мен ұйымдар әртүрлі топтарға бөлінгенмен, олардың басты ұстанымдары мен көзқарастары ортақ идеяға – тәкфіршілік идеясына негізделген.

Араб тілінде «тәкфір» сөзі «дінсіз, дінінен шығушы деп айыптау» мағынасындағы «кәфара» етістігінен шыққан. «Тәкфір» идеясы  барлық діни-экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдардың идеологиялық негіздерінде кездеседі. Оның ықпалына түскендер исламның парыз амалдарын толық орындамаған кез келген мұсылманды, тіпті туыстары мен бауырларын дәйексіз түрде «дінсіз», «діннен шыққан» деп айыптауға бейім болады.

Бүгінде діни сенімі, кітаптары мен жазбалары салафизм идеологиясына негізделген тәкфіршіл ұйымдар «ас-салафия әл-жиһадия» (жиһадшыл салафилер) деп те аталады. Жиһадшы салафилердің мадхалия немесе александрия салафилерінен діни сенім тұрғысынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Олар бір-бірінен тек әдістемелік тұрғыдан, яғни мақсаттарына жету мен әрекеттерін іске асыру тұрғысынан ерекшеленеді.

Қазіргі тәкфірші радикалды ұйымдар өткен ғасырдың 70-80-жылдары Египеттегі зайырлы саяси билік пен батыс елдерінің отаршыл саясатына қарсы «жиһад» жариялаған төңкерісшіл топтардан пайда болды. Осы тарихи кезеңде салафизм идеологиясын ұстанған Мустафа Шукри «әл-Ихуан әл-муслиминнен» бөлініп, дербес саяси мақсаттары мен бағдарламасы бар «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымын құрды. Яғни саяси мақсаттары мен бағдарламасы бар төңкерісшіл ұйымдар салафилік идеологияны ұстана бастады.

Салафизм идеологиясының негізін қалаған Мухаммад ибн Абдуль Уаһһабтың «Үш негіз» атты шығармасында Алладан түсірілмеген заңдармен ел басқаруды – күпірлік, ал зайырлы заңдармен басқарған басшыны «тағұт (шектен шығушы, пұт)» деп таныған. Яғни салафизм идеологиясының іргетасы кез-келген зайырлылық көріністерін жоюға бағытталған көзқарастардан тұрады. Абдуль Уаһһабтың осындай көзқарастарын ұстана

отырып, салафизмнен бастау алатын египеттік, сириялық және судандық экстремистік бағыттағы ұйымдар мен топтар «қантөгіс арқылы ғана ислам мемлекетін құра аламыз» деген идеяларды жандандыра түсті.

2014 жылғы 18 тамызда Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы экстремистік деп танылып, оның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынғаны белгілі.

Салафилік идеологияны басшылыққа алған тәкфірші экстремистік ұйымдардың қатарына Пакистандағы ислам жамағаты, Египеттегі ислам жамағаты, «Лашкар Тайиба», «Әл-Каида», «Жамағат ус-салафия ли-дағуат уаль-қитал», Пакистандағы Талибан қозғалысы, Имарат-Кавказ ұйымы, «Мужахид жастар жамағаты» және басқа да көптеген ұйымдар кіреді. Ал Қазақстанда орнығуға тырысқан салафилік бағыттағы тәкфірші ағымдар қатарына «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Ислами Жиһад одағы», «Жунд уль-Халифат» секілді ұйымдарды жатқызуға болады.

Сондай-ақ салафизмді ұстанған тәкфірші ұйымдарға Сирия мен Иракта соғысып жатқан радикалды ұйымдар да жатады. Солардың ішіндегі «Ислам мемлекеті» және «ан-Нусра майданы» ұйымдары Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімімен террористік деп танылып, олардың Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды.

Аталмыш ұйымдар Орта Азия елдерінің қауіпсіздік күштері тарапынан қатаң қудалауға ұшырап, қызметіне тыйым салынуда. Дегенмен бүгінде тәкфіршіл салафилік идеялары Сауд Арабиясынан бастау алған сурурилер ағымының идеологтары тарапынан насихатталуда.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

Advertisements