Өмірзақ Шөкеев несімен ерекшеленді: төрт ауқымды жоспар

186

Түркістан облыс орталығы болған жылдан бастап Өмірзақ Шөкеев қызмет етті. Төрт жылға жуық аралықта облыс үшін аса ауыр кезеңдерді бастан кешірді. Арыс, Мақтааралда болған төтенше жағдай кезінде ел болып еңсеріп, ұтымды жоспар құра білді. Өмірзақ Естайұлы Түркістан облысын тізгіндеген жылдары несімен ерекшеленді? Осы мақсатта, ARSHAT-KAZ ақпараттық агенттігі экс әкімнің төрт ауқымды жоспарын жинақтап, оқырманға ұсынады.

  1. Ең алдымен Түркістан қаласын Түркі жұртының рухани-мәдени орталығына айналдыру бағытына тоқталсақ. Бұл туралы экс әкімнің өзі «Қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа бейнесін қалыптастыру – алға қойған алғашқы мақсатымыз болатын. Осы рухани шаһардың топырағында дүниеге келген мен үшін бұл жұмыстарды атқару – зор мәртебе болды. Қазіргі таңда Түркістан еліміздің ғана емес, күллі Түркі дүниесінің рухани жауһарына айналып, әлем көз тіккен ажарлы шаһарға айналды» деген. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйенсек, жыл басынан бері рухани астанаға 1000-ға жуық шет елдік турист келген. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда инвестиция көлемі 100,2 млрд. теңгеден 115,1 млрд. теңгеге артқан. Өңдеу өнеркәсібі 6,31 млрд. теңгеден 6,62 млрд. теңгеге көбейген. Шағын орта бизнеспен айналысатын 2327 тұрғын тіркеліп, 1719 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Баға тұрақтылығын сақтау үшін 30 әмбебап дүкенде әлеуметтік бұрыш ашылды. Одан бөлек туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары да атқарылған.
  2. Арыс пен Мақтаарал төтенше жағдайында да облыс әкімі ұтымды жоспар құрып, дер кезінде әрекет жасай алды. «Арыс, Мақтааралда болған төтенше жағдай кезінде ел болып еңсердік. Үкімет тарапынан қолдау болды. Ол үшін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет басшылығына алғыс айтамын» дейді, Өмірзақ Естайұлы.
  3. Облыс орталығының аптап ыстық климатын өзгерту жолында «Жасыл белдеу» жобасы, қаланы суландыру жобасы, тұрғын үйлер санын ұлғайту –Түркістанның тұрғындары мен қала қонақтарына қолайлы қала болуы үшін жасалған жоспарлар. Жасыл белдеудегі тәлімбақта Түркістан қаласының климатына тез бейімделетін, тек өзге мемлекеттерде өсетін өсімдіктерді жерсіндіру бойынша тәжірибелер жасалады. Мұндағы мақсат – кейбір қылқанжапырақты ағаш түрлерін жасыл белдеуде өсіру үшін бейімдеу. «Жасыл белдеу» аймағын алғашында 7 700 гектарға құру жоспарланса, қазір ол меже 13629 гектарға жетіп, аталған аймақта көшеттер күтіп-бапталуда. Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жеткен. Арық-атыздар қалпына келтіріліп, жасыл желек көптеп егілуде. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артқан. Мамандардың айтуынша, Түркістан қаласы мен айналасындағы жасыл екпелердің өнімділігі 65-75 пайызды құрап отыр. Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Жасыл алқапты көбейту бағытындағы жұмыстар республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейін екінші болып Түркістанда қолға алынғанын да айта кеткен жөн. Облыс әкімінің қолдауымен 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен шаттық бірліктер саны 2 есе ұлғайған.
  4. Түркістанның негізгі әлеуметтік құрылымы. Дәл осы жоспарлы жоба бойынша бірнеше жұмыстар назарға алынып, стратегиялық шешімдер қабылданды. Ауқымды жұмыстар атқарылды. Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Ауыз су, табиғи газбен және ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілді. Экологиясы жақсарып, қала аумағы абаттандырылып, көгалдандырылды. Тұтастай 100 мың адамға арналған көпқабатты тұрғын үй салынды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 1,5 есеге өсім, 2 трлн. теңгеден асты. Экономикаға тартылған инвестиция 2 есеге артып, 660 млрд. теңгеге жетті. Бұл туралы Өмірзақ Шөкеев «Түркістанды дамыту өз кезегінде құрылыс жұмыстарының қарқындап өсуіне, қосымша жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал жасады. Қанағатты жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 87%-ды құрап, республикада жоғары көрсеткішке ие болды. Бюджет көлемі 2 есеге көбейіп, 1 трлн. теңгеден асты. Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайларды қайта қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Бұл қысқа мерзім ішінде қол жеткізген үлкен жеңіс деп ойлаймын» деп түйіндеді.
Advertisements