Президент өртке қарамастан Қостанайға іс-сапармен барады

182

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қыркүйектегі жұмыс кестесіне сәйкес Торғайға жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Фейсбуктегі парақшасында.

«Бұқаралық ақпарат құралдарынан «Қостанай облысындағы өртке байланысты Мемлекет басшысының осы өңірге жоспарланған сапары бола ма?» – деген сауалдар келіп жатыр.

 

Қалыптасып отырған жағдайға қарамастан, Президен өзінің берген сөзінен таймай, 5 қыркүйектегі жұмыс кестесіне сәйкес Торғайға жұмыс сапарымен барады.

Қазір Әулиекөл ауданындағы өртті сөндіру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жағдайды өңірге арнайы барған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бастаған жедел топ қадағалап отыр» делінген хабарламада.

Қостанай облысындағы орман өртіне байланысты, автожол қозғалысы шектелді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«3.09.2022 жылы сағат 16:15-те Қостанай облысындағы орман өртіне байланысты «Қостанай-Әулиекөл-Сурган» автожолының 8-108 шақырымдары аралығында (Тобыл қаласы мен Әулиекөл ауылы учаскесі) автокөліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді», – делінген ресми ақпаратта.

Айта кетер жайт, қазір Қостанай қаласына Қойбағар, Қарасу мен Алтынсарин ауылдары арқылы қатынауға болады.

Advertisements