ШЫМКЕНТТІКТЕР А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ
Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «40 мысал, 40 мақал» көшпелі әдеби тіл керуені өтті – деп хабарлайды ARSAT-KAZ ақпарат агенттігі
Жиынға қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жиылғандар алдымен А.Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мұрат Әйтенов өзінің құттықтау сөзінде қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.
– Бүгін ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, аудармашы, түркітанушы, педагог, ақын – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл! Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын!- деді.
Іс-шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды.
Шымкентте өткен жылы Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешен Орталық саябаққа орнатылды. Одан бөлек қалада Ахмет Байтұрсынов атында көше, мектеп, ескерткіш бар.