Президент: “Шымкент халқы Жерұйығын тапқан жұрт”

133

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесті — деп хабарлайды ARSHAT-KAZ ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.

– Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы қалаға 170 миллиард теңге қаржы бөлінгенін, 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, қала бюджеті 4 есе өскенін тілге тиек етті. Өңірде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Көлік-логистика» аймағын кеңейту — маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Мұны тиімді пайдаланса, қаланы оңтүстік өңірдегі ірі хабқа айналдыруға болады. Осы ретте Президент әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ 1 млн 200 мыңға жуық халқы бар шаһарды газ, су, электр желісімен қамтамасыз ету, сапалы жол салу сияқты мәселелер де назардан тыс қалмады.

— Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан екі елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын, — деді Президент.

Сондай-ақ, Президент Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатымен танысты. Зауытты басқарушы компания – «Петро Қазақстан Ойл продактс» ЖШС-нің президенті Ерболат Қожабаев Мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндады.

 

Advertisements