Түркістанда «Жаса, жайна Қазақстан!» атты мерекелік іс-шара өтті

197
Түркістанда 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Жаса, жайна Қазақстан!» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды – деп хабарлайды ARSHAT-KAZ ақпарат агенттігі.
«Қыран елім – Қазақстан» хореографиялық – сазды театрландырылған қойылыммен ашылған мерекелік кеште ұлттық мерекенің мән-мазмұны жан-жақты айшықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті Республика күнімен құттықтап, тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін айтты.
– Баршаңызды Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерекенің мәні айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен бірінші құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Биыл, 25 қазан – ұлттық мерекеге айналып, Республика күні болып бекітілді. Әлемде тілі, діні, мәдениеті бар болса да, тәуелсіздік ала алмай жүрген ұлттар көп. Бұл ретте басқа қонған бақты бағалаған жөн. Қазақстан Республикасының тұрақтылығын сақтау, дамыту – баршамыздың міндетіміз. Мызғымас бірлік пен ізгі тірлігіміз арқылы Жаңа Қазақстанды дамытуға атсалыса берейік. Түркістанымыз түрленіп, Қазақстанымыз гүлдене берсін! – деген Дархан Сатыбалды елді дамытуға үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды тапсырды.
Атап айтсақ, Түркістан өңірінің еңбегімен дараланған азаматтарына «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері ұсынылды. Сонымен бірге «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Шапағат» медалдары мен Құрмет Грамоталары да өз иелерін тапты.
Республика күніне арналған салтанатты жиында облыс әкімі өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды да баяндады.
– Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз өркендеп, тарихымыз дәріптелді. Соның бір дәлелі – Түркістан облысының құрылуы. Түркістан қаласының тарихи рөліне мән беріліп, рухани орталыққа айналды. 4 жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны арта түсті. 2018 жылмен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім 1,6 есеге артып, көлемі 2 трлн. 796 млрд. теңгені құрады. Биыл оны 3 трлн. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы уақытта бағдарымызды өзгертіп, күшті облыстың өнеркәсіп әлеуетін дамытуға бағыттауымыз қажет. Бүгінгі таңда облыс үшін маңызды бірнеше ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Жалпы облыста өнеркәсіпті дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Аудан, қалаларда индустриалды аймақтар ашылған. Сонымен қатар өңірге инвесторлар тарту мақсатында Түркістан қаласы аумағында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Осыған байланысты жергілікті бизнес өкілдерін жаңа жұмыс және өндіріс орындарын ашуға атсалысуға шақырамын. Біз тиісті жер учаскесін бөліп, қажетті инфрақұрылымды тартуға және басқа да жеңілдіктермен қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
«Конгресс холл» кешенінің заманауи концерт залында өткен мерекелік кеште облыстың өнерпаздары және «VOICE OF TURAN» байқауының жүлдегерлері, сонымен бірге елге танымал эстрада жұлдыздары отаншылдық бағыттағы әндерді шырқап, бишілер өз өнерлерімен көрермендерді серпілтті. Тәуелсіздік, Отан, бірлік, отаншылдық ұғымдары ән мен жырға арқау етіліп, ұлттық аспаптардан рухты оятатын күй төгілді.
Жалпы Республика күніне орай Түркістанда 1200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінде басым бөлігі өтіліп үлгерген.
Advertisements