Шымкент: Орта Азиядағы теңдесі жоқ құрылғы орнатылды
Шымкент қалалық онкологиялық орталыққа ПЭТ/КТ аппараты орнатылды. Ашылу салтанатына шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, құрылғының жұмысымен танысты – деп хабарлайды ARSHAT-KAZ ақпарат агенттігі.
Ядролық медицина орталығында жоғары технологиялық медицина қызметін көрсететін аппараттар орнатылған. “ Varian Halcyon” -қондырғысы арқылы науқастарға сәулелік терапия емі жүргізіледі. Мұндай құрылғы Өзбекстан, Тәджікістан, Қырғыстан сынды елдерде жоқтың қасы. Орта Азияда теңдесі жоқ құрылғы Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласындағы онкологиялық орталыққа орнатылды.
Айта кетейік, ПЭТ/КТ – бұл компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография. Басқаша айтқанда, глюкоза негізінде радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық аурулар мен бас миының ауруларына дәл диагностика жасауға мүмкіндік беретін аппарат.
Қатерлі ісіктің бастапқы пайда болу сатысын анықтауға және патологиялық процессті басқа әдістерге қарағанда ертерек білуге септігін тигізетін соны жабдық. Дәрігерлер заманауи құрылғының көмегімен обыр ауруларының ошағын дәл тауып, пациенттердің емдік шараларын дер кезінде бастауға мүмкіндігіміз көбеймек деп қуанды.
Қала басшысы ядролық медициналық кластер үшінші мегаполистің медициналық туризмін жетілдіретін бірден-бір тетік екенін айтып өтті.
– Өйткені біз Шымкент қаласына ғана емес, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының халықтарына қызмет көрсете аламыз… Ата заңымыздың басты құндылығы халқымыздың денсаулығы екенін ескерсек, атқарып жатқан іс шаралар өмірдің талабы. Қымбат тұратын медициналық қызметтің бұл түрі енді жергілікті халыққа қолжетімді болады, – деді М.Әйтенов.