ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ МЕН БАӘ ӨКІЛДЕРІ 80 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ ПЕРЗЕНТХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ЗЕРДЕЛЕДІ

8
Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы 80 орындық перзентхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының бас директоры Мұхаммед Саиф Әл Сувайди және БАӘ-нің Қазақстан Республикасындағы елшісі Мұхаммед Әл Арикимен бірге медициналық нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Медициналық нысан Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржысына салынуда. Жобаның мақсаты – өңірде ана мен бала денсаулығын қорғау, жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру.
Жобаның жалпы құны – 8,3 млрд теңге. Оның ішінде медициналық құрал-жабдықтарға 1,58 млрд теңге қарастырылған. Аумағы 3,3 гектарды алып жатқан нысанның құрылысын «Эристайл Казахстан» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айында басталған. Нысан іске қосылғанда мұнда 70 адам жұмыспен қамтылады. Орталықта ана мен балаға қолайлы жағдай жасалмақ.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 97 пайызы орындалған. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен жиһаздар толық сатып алынып, орнатылуда. Қазіргі таңда ғимараттың қасбетін қаптау, сәндік оюларды орнату, желдету жүйесін реттеу және жиһаздарды орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нысанда жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Мұнда босандыру және операциялық бөлімдер, жүкті әйелдер патологиясы, ана мен баланың бірге болуы, жаңа туған нәрестелер реанимациясы және шала туған сәбилерді күту бөлімшелері орналасады.
Жаңа перзентхананың пайдалануға берілуі Түркістан облысында ана мен бала денсаулығын қорғау саласының мүмкіндіктерін кеңейтіп, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements