ШЫМКЕНТ: Өңештің қатерлі ісігіне алғаш рет тіліксіз ота жасалды

136

Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта алғаш рет өңештің қатерлі ісігіне тіліксіз ота жасалды. Күрделі отаны эндоскопиялық әдіспен жасау үшін орталық базада шымкенттік дәрігерлерге Ақтау қаласындағы «Sofie Med» клиникасының онкохирургі Мұхамеджан Нұрғазиев шеберлік сабағын өткізді.

Ақтаулық дәрігердің қатысуымен онкологиялық күрделі ота эндоскопиялық әдіспен жасалды. Өңештегі ісікті емдеу үшін жергілікті онкологтар осыған дейін ашық ота жасап келген болатын. Мұндай отадан кейін асқынулар жиі кездеседі дейді мамандар.

Енді, міне, Ақтаудан келген маманның көмегімен дәрігерлер өңештегі ісікті тіліксіз алып тастау арқылы науқастың тез оңалуына септігін тигізетін әдісті меңгеріп алды.

«Мұндай отаны алдын ашық әдіспен жасайтынбыз. Ота күрделі болғандықтан, асқынулар көптеп кездесетін. Осы шеберлік сабағында кеуде және іш қуысын ашпай-ақ, тіліксіз ота жасауды үйреніп алдық. Аталған операция оңтүстік өңірде алғаш рет жасалынып отыр. Эндоскопиялық әдістің біршама артықшылықтары бар. Жаңа әдіспен ота жасауға дайынбыз, оған қажетті жабдықтың бәрі бар» – дейді орталықтың хирургия жөніндегі орынбасары Самат Тастемірұлы.

Сонымен бірге, тәжірибе алмасу барысында қалқанша безі ісігіне шалдыққан 2 науқасқа, бүйрек ісігі, асқазан қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарға тіліксіз операциялар жасалынды.

 

 

Advertisements