ШЫМКЕНТ: Алғаш рет сколиоз ауруына шалдыққан науқасқа күрделі ота жасалды

199

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет сколиоз ауруына шалдыққан науқасқа күрделі ота жасалды. Тың әдіспен жасалған операция Нұр-Сұлтан қаласынан келген білікті травматолог дәрігердің жетекшілігімен өтті.
Дәрігерлер омыртқасы қисайған 10 жасар қыз баласына жеті сағатқа жуық ота жасады. Операцияға аурухананың травматолог ортопеды Тұрдықұлов Бағжан қатысты. Ота кезінде хирургтар науқастың омыртқасын хирургиялық жолмен түзетіп берді. Нақтырақ айтқанда, қисайған сүйегін түзетіп, денесін тік ұстау үшін арнайы темір құрылғыны арқа тұсына орнатып берген. Он жылдық тәжірибесі бар елордалық мамандар мұндай отаның бұл жолы да күрделі өткенін айтады.
«Оңтүстік өңірінде халық саны көп болғандықтан, сколизге шалдыққан науқас балалар саны да бұл аймақта көп екенін айтуға болады. Сондықтан мұндай жоғары мамандандырылған отаны аймақтарға келіп, жергілікті мамандармен тәжірибе бөліскеніміз дұрыс. Бұл жолы біз қалалық клиникалық балалар ауруханасына келіп, осындай күрделі ота жасадық. Операция сәтті өтті. Ота жасау барысында бұл аурухананың жоғары мамандандырылған хирургиялық ем жасауға мүмкіндігі бар екенін байқадық. Бұл үшін жергілікті мамандардың біліктілігі жетеді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ортопедия бөлімінің жетекшісі Болат Нағыманов.
Білікті дәрігердің сөзінше, отадан кейін науқастың жағдайы бұрынғыдан жақсара түседі. Яғни, омыртқаның қисаюынан пайда болған бүкірлігі жойылады және бойының ұзындығы қалпына түседі.
Айта кетейік, мұндай ота Нұр-Сұлтан қаласында 2010 жылдан бері жасалып келеді. Жылына орташа есеппен сколиоз ауруына шалдықан 150-ге жуық балаға күрделі операция жасалады.
Нұр-Сұлтандық дәрігерлердің қатысуымен өткен операцияға жергілікті дәрігерлер қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Жоспар бойынша қалалық клиникалық аурухана мамандары тағы да күрделі травматологиялық ота жасау барысын жетік меңгеріп, жергілікті деңгейде дамытуда қолға алмақ.
Advertisements