ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 700-ГЕ ЖУЫҚ МӘДЕНИЕТ МЕКЕМЕЛЕРІ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ
Қазіргі таңда Түркістан облысында 685 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Былтыр клуб мекемелерінде 11 338, кітапханаларда 15 739, музейлерде 614 көпшілік іс-шара өткізілді. Бұл туралы облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.
«Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай «Түрленген, гүлденген -Түркістан» республикалық ақындар айтысы, Джаз музыкасының танымал орындаушылары қатысқан «Turkistan Jazz Party I» халықаралық фестивалі, «Тайқазан» ұлттық киім дизайнерлердің республикалық байқауы,«Түркістан дауысы» республикалық жас эстрада әншілерінің байқауы, «Қазақ романсиядасы» байқауы ұйымдастырылды. Қазақ әндерін насихаттау мақсатында 14 елдің әншілері қатысқан «Voice of Turan» ән фестивалі өткізілді», – деді Әзімхан Серікұлы.
Сондай-ақ, «Түрксой» ұйымының қолдауымен Түркістан қаласында «Түркістаным – Тұраным» халықаралық түркі суретшілерінің симпозиумы өтті. Симпозимға 6 түркі тілдес мемлекеттерден 29 суретші қатысып, өңірдің тарихына арналған 120 сурет салынды. Сонымен қатар, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Парақ Times» кітап жәрмеңкесі, ең көп кітап оқитын оқырмандар арасында республикалық «Бір мектеп – бір кітап» байқауы өткізіліп, аудандық, қалалық орталық кітапханалардың қатысуымен «Рухани керуен – Түркістанда» іс-шаралары ұйымдастырылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі