ТҮРКІСТАНДА БИЫЛ ЖАҢА 100 АЯЛДАМА ОРНАТЫЛАДЫ

91
Түркістан қаласында биыл қалаішілік орталық көшелерге 100 дана аялдама павильонын орнату жоспарланған. Барлығы тұрғындардың қажеттілігіне қарай орналасатын болады. Қазіргі таңда аялдамалардың эскиз жобасы әзірленуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы қоғамдық көлік бағытына 30 жаңа автобус қосылады. Былтыр 40 жаңа автобус әкелінген болатын. Бұл туралы бүгін брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді.
Сондай-ақ, шаһар басшысы биыл Түркістан қаласында 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғандығын айтты.
«2021 жылы Түркістан қаласында 15,1 шақырымды құрайтын 11 көше орташа жөндеуден өтті. Бұл жөндеу жұмыстары коммуникациялық жүйелері толығымен аяқталған көшелерде жүзеге асты. Топырақ жолдардың санын азайтып, тас жолдарыдың саны мен сапасын арттыру мақсатында 2021 жылы 158 шақырымды құрайтын 185 көшеге тас төселді. Сонымен қатар, биыл 29,63 шақырымдық 26 көшеге аяқжол салу жоспарлануда», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Брифингте қала басшысы шаһардағы сенімгерлікке беріліп жатқан ғимараттар жайында да баяндады.
«Сенімгерлікке беру деген жекеменшікке беру деген сөз емес. Әкімдік пен жалға алушы арасындағы келісім шарт негізінде белгілі бір уақытқа ғимарат жалға беріледі. Жалға алушы нысанның негізгі мақсатын орындай отырып, ғимаратты күтіп-ұстау жұмыстарын міндетіне алады. Сондай-ақ, шартқа сәйкес ғимаратта түрлі ақылы қызмет көрсетуіне болады. Бұл – ғимарат жұмысын жаңғыртуға және кәсіпкерлікті дамытуға серпін болмақ», – деді қала әкімі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Advertisements