ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЫНТЫМАҚТЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН «ШАҢЫРАҚ» БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ

95
Түркістан облысында этносаралық татулықты нығайту мақсатында әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Шаңырақ» байқауы басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев мәлімдеді.
«Шаңырақ» байқауы – Қазақстан халқы Ассамблеясының жобасы. Аталған байқау қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Байқаудың негізгі мақсаты – әлеуметтік желідегі жазбалар арқылы Қазақстан халқы арасындағы ынтымақ-бірлікті, өңіріміздегі этносаралық достықты қалыптастыруға атсалысу екендігін жеткізді басқарма басшысының орынбасары.
Дәурен Нұрланұлының мәлімдеуінше, «Шаңырақ» байқауы 1 сәуірде бастау алады. Биылғы байқаудың бір ерекшелігі, 2022 жыл – Балалар жылы шеңберінде этносаралық татулықты насихаттауға басымдық берілмек. Сондай-ақ жазбаларға қойылатын талап – этносаралық қарым-қатынастықты нығайту, еңбек адамы мен үлгілі отбасын насихаттау, қазақ тілінде өлең оқып, ән айтып, ізгі тілек жолдау, жол сапардан позитивті мақала жазу, тікелей репортаждар жасау. Байқауға кез келген әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен блогерлер, баспасөз орталықтарының мамандары қатыса алады. Байқауға қатысу үшін жарыс ережесіне сай келетін материалды әлеуметтік желідегі Facebook, Вконтакте, Instagram парақшаларының бірінде жариялау қажет.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек байқау шарттарына толығырақ тоқталды.
– Байқау жұмысына қойылатын талаптар: мәтіндік материалды «Шаңырақ» сөздерінен бастау; материалды жариялау жиілігі аптасына 3 жазбадан кем болмауы, жалпы жазба саны 30-дан кем болмауы тиіс; пост міндетті түрде мемлекеттік тілде болуы қажет, материалдың көлемі 100 символдан аз болмауы керек; мәтіндік материалға суреті бар мақала жайлы хабарды қосу; постта #Шаңырақ хэштегін қолдану. Жарияланған материалдардың скриншоттарын арнайы файл папкасына жинақтап, байқаудың ұйымдастырушыларына 2022 жылдың 23-25 қараша аралығында тапсырылуы тиіс. Байқау жұмыстары мемлекеттік тілде қабылданады, – деді клуб төрағасы.
Байқауға ұсынылған жұмыстар әлеуметтік желілерде немесе блог-тұғырнамаларда көп дауыс жинағаны, ең көп ұнатылғаны (лайк), ең көп бөлісілгені (репост) арқылы бағаланады. Қаншалықты оқырманның көңілін аудара білгендігіне мән беріледі. Сондай-ақ, материалдың әсерлілігі және дұрыс бағыты ескеріледі.
Байқаудың қорытындысы 2022 жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жарияланып, жеңімпаздар Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Айта кетейік, бүгін Түркістан қаласындағы «Алатау» медиа орталығында өңіріміздегі этносаралық бірлікті дәріптеген «Шаңырақ» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа былтырғы байқау барысында БАҚ-та жарияланған үздік мақалалар мен жазбалар енгізілген.
Advertisements