ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ БОЙЫНША 26 КӨШЕГЕ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫ САЛЫНАДЫ

104
Түркістан қаласының инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ретте тұрғындардың өтініш-тілектері де ескерілуде. Түркістандықтардың өтінішімен 26 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Биыл Түркістан қаласы аумағында 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл көшелердің басым бөлігі – ауыз су, сарқынды су, газ жүйелерінің құрылысы аяқталған, сондай-ақ, қоғамдық көліктер жүретін көшелер. Сонымен қатар қосымша 105,5 шақырымды құрайтын 124 көшені жөндеу үшін тиісті құжаттар рәсімделуде. 35 воркаут алаңшасын, 5 спорт алаңшасын, 40 дана қоқыс тастайтын орын жасақтап, 350 жарықтандыру бағанасын, 200 орындық мен қоқыс жәшіктерін орнату да жоспарланған. Сондай-ақ 1 және 2 мөлтек аудандарда 54 тұрғын үйді (2705 абонент) үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 9 подстанция трансформаторына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков бірқатар нысандарды аралап, жұмыс сапасы мен барысын тексерді. Түркістан қаласында саябақтар мен гүлбақтар және көгалдандырылатын аймақтардың санын арттыру бойынша 2022 жылға арналған жұмыстар қаңтар айының басынан нәтижелі жүзеге асырылып келеді. 2022 жылы Түркістандағы нысандарды күтіп-ұстау жұмыстары үшін жалпы 25 түрлі 200 техника, жасыл екпелерге арналып 25 тонна түрлі тыңайтқыштар алынды. Жоспар бойынша 2022 жылы қала аумағында 250 мың ағаш көшеті мен 127 гектарға көгал егіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements