Ислам – отансүйгіш дін

118

Ислам діні сансыз көп ұлттар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай бір шаңырақ астына біріктірген бейбіт дін. Сондықтан қасиетті Құран кәрім адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтауын, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасқанын құптайды.

Құран тағылымы адамдарды жақын туыстар мен достарға, жолаушыларға, таныс пен бейтанысқа бірдей әділет көзімен қарауға, оларға жақсылық жасауға үйретеді. Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісілік қасиеттерге үгіттейтін дін болса, отан – сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Дәстүрлі діндер пайғамбарлары әкелген иләһи тағылымдардың арасында арнайы орын алған мәселенің бірі де – отанды қорғау болатын. «Отанды сүю – иманнан», «Екі көз тозақ отына күймейді: бірі – оңашада күнәларына өкініп жылаған көз; екіншісі – шекара күзеткен көз» деген Мұхаммед пайғамбар хадистерінен отансүйгіштіктің шынайы мұсылманға тән қасиет екендігін аңғаруға болады. Шариғат бойынша туған жерін, Отанын қорғау жолында қаза тапқандар шейіт болып табылады.

Құран Кәрім аяттары бойынша отан үшін күрес дін үшін күреспен бірдей саналады. Өзгелердің отанына көз тігіп, қол сұғу – зұлымдық, жер бетіндегі бұзғыншылық әрі үлкен күнә. Сондықтан, Алла Тағала пайғамбарлар арқылы ешкімді отанынан айырмауға, елінен қумауға байланысты адамдардан уәде, жауапкершілік антын алған.

Сондай-ақ, отанға шабуыл жасау және қандай да бір қауымды отанынан қуып шығару дінге қарсы соғыспен бірдей делінеді. Ұлтсүйгіштік және өзге ұлттарды құрметтеуге де исламда терең мән берілген. Дін, діл, тіл, ұлт атаулары бір-бірімен ажырамас байланыста. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Біз сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық»; «Бір-біріңненсіңдер» (яғни бір ата, бір анадансыңдар) дейді.

Ұлттардың жаратылуында да Алланың хикметі бар. Ұлтын сүю, қадірлеу «Отан» ұғымының аясына кіреді. Өз ұлтын сүю, оның тарихын, мәдениетін, дәстүрін, дүниетанымын құрметтеу, өзге ұлт өкілдерінің де осындай құндылықтарына құрметпен қарау, ислами құндылықтар аясында ұлтаралық татулықты сақтауға септесу – шынайы мұсылман сипатына тән.

Діни мәселелер қай заманда болмасын қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды күрделі мәселелердің бірі болып келген. Әр мемлекет өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Ұлттық идеологияның қалануы мен ұлт бірлігінің сақталуында да діннің орны ерекше.

Дәстүрлі діннің сенімі мен қағидаттарында гуманизмге негізделген ізгі қасиеттер насихатталып, моральдық тәрбие беріледі, сол арқылы сенушілердің сана-сезімі жоғары құндылықтарға бағытталады. Дін мәдениет құндылықтарының дамуы мен таралуына, әрі олардың атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізілуіне септігін тигізген.

Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Сондықтан зайырлылық тұрғысынан алғанда да дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

 

 

 

Advertisements