Арыс пен Мақтаарал халқы қостанайлықтармен бірге

178

Қостанайда орын алған табиғи апатқа Түркістан облысы жан-жақты гуманитарлық көмек жөнелтуде – деп хабарлайды ARSHAT-KAZ ақпарат агенттігі.

Мәселен 2019 жылы Арыс қаласында болған техногендік сипаттағы төтенше жағдайда қаланы қалпына келтіруде қол ұшын созған қостанайлық ағайынның игі ісін арыстықтар ұмытпайды деген ниетпен көмек қолын созды. Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында арыстықтар ақшалай, азық-түлік, киім және ең қажетті заттар жинауды бастап кетті. Олардың қатарында қарапайым азаматтар да, шағын бизнес өкілдеріде бар.

Жұдырықтай жұмылған Арыс халқы бір күнде 3 тонна ұн, 100 адамға лайықталған төсек жабдықтары (жастық, жамылғы, төсеніштер),  1 тонна макарон, 500 литрге жуық өсімдік майы, 10 тонна ауыз су, 1 тонна картоп және 1 тонна сәбіз, 3 тонна пияз,  1  ауыр жүк көлік қауын, жарты тонна орамжапырақ секілді тез бұзылмайтын азық-түлік өнімдері, гигиена құралдары және бірінші кезектегі қажетті заттарды Қостанай облысына жөнелтті.

Ал Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен мақтааралдықтар бір түннің ішінде өрттен зардап шеккен қостанайлықтар үшін 23 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Бүгін таң сәріде аудандық  мәслихаттың депутаты, аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің директоры Сүндет Кенжебаевтың басшылығымен үлкен жүк көлігі алыс жолға аттанды. Жалпы гуманитарлық көмекті жинауға жергілікті меценат кәсіпкерлер, аудан тұрғындары және ерікті жастар белсене атсалысты.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров іс-шараға басшылық жасап, өте аз уақыттың ішінде қостанайлықтардың сұранысына сай ең бірінші қажетті азық-түлік өнімдерін, гигиеналық заттар мен төсек-орын жабдықтарының жиналуына түрткі болды. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың депутаты М.Әжіқабылов, аудандық дербес бөлімдердің басшылары Б.Анарбеков пен Б.Әлімқұл қайырымдылық шарасын ұйымдастыруда белсенділік танытты.

– Мақтааралдықтар тасқын судан зардап шеккенде бүкіл Қазақстан халқының, оның ішінде қостанайлықтардың көмегін ұмытқанымыз жоқ. Міне, бүгін сол қостанайлық бауырларымыздың басына түскен қайғы-қасіретті бөлісу үшін ең алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмекті жіберіп отырмыз. Біздің күшіміз – бірлікте. Біріксек қана бұл қиындықты да жеңе аламыз. Біз біргеміз, Қостанай! – деді Нұрбол Жақсылықұлы.

 

Advertisements