ОБЛЫСТА 729,7 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ

155

Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 2020 жылы 729,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға артты. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы елімізде үшінші орында. Негізгі капиталға 58 млрд. теңге инвестициялар тартылып, 13%-ға артты. Республикадағы үлесі – 10,1%-ды құрады. Өңделген өнім экспорттың көлемі 105,1 млн. АҚШ долларына жетіп, 47,6%-ға артты. Оның ішінде Республикада ірі қара мал етін экспорттау бойынша облыс 1 орында тұр. Жылды қорытындылап, ел алдында есеп берген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге жеке тоқталды.
848 мың гектарға жуық алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылдан 19 мың гектарға артты. Мал мен құс басы және өнімділік орташа 6-7%-ға ұлғайды. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 2 млн. 429,4 мың теңгені құрап, 17 %-ға артты.

«Біз, агроөнеркәсіп кешені әлеуетін одан әрі дамыту үшін негізгі үш бағытта жұмыстар атқарудамыз. Бірінші бағыт бойынша қала аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 46,7 млрд. теңге құрайтын 6 серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Кентау қаласы «Шаға» ауылдық округінде 29 бірлік АҚШ, Австралия технологияларымен 1 355 гектар жаңбырлатып суғару машинасы орнатылды. Жалпы жоспар 11 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделуде. Сондай-ақ, құны 15 млрд. теңге құрайтын «50 га заманауи жылыжай кешенін құру» жобасы іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаны іске асыруға әуежай бағытынан 86 га жер телімі бөлінді. Екінші бағыт бойынша «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынып, биылғы жылы 128 ауыл округінен 5,2 мың гектарға 1 999 жоба іске асырылып, 262,5 мың тонна өнім алынды. Ал, үшінші бағыт бойынша үйіргелік жерлерді игеру қолға алынды. Нәтижесінде 286 жоба жүзеге асырылды, әр отбасы 850 мың теңгеден табыс тапты. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасымен жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мемлекеттік гранты есебінен 105 жоба қаржыландырылды»,-деді Өмірзақ Шөкеев өз сөзінде.

Бұдан бөлек, «Түркістан облысын әлеуметтік – экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандары құрылыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, «Түркістан магистральдық арнасы» күрделі жөндеуден өтуде. «Сыйымдылығы 18 млн. текше метр (м/3) Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасы салынып, «Жетікөл көлдер жүйесін» қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
«Түркістан магистральдық каналын» толтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық каналын салынып жатыр. Нәтижесінде, жылына ағын су пайдалану көлемі қосымша 195,4 млн. (м/3) артып, жыл-сайын қосымша 14 млрд. теңгенің өнімін өндіру мүмкіндігі ашылады.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 843,4 мың гектарға орналастыру, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 2 760 бірлік жобаны жүзеге асыру, 10,2 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізіп, жалпы көлемін 34,3 мың га жеткізу көзделген. Негізгі капиталға 61 млрд., тамақ өндірісіне 9,6 млрд. теңге инвестиция тарту, балық шаруашылығын дамытып, 2030 жылға дейін тауарлы өндіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізіп, экспорттық әлеуетті арттыру жоспарланған. Жалпы өнім көлемін 850 млрд. теңгеге жеткізіп, бұл салада бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 2 млн. 830 мың тенгеге жеткізіледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements