ШЫМКЕНТ: Биыл 21 841 азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр

176

Тұрғындарды толғандырған жұмыспен қамту, әлеуметтік және тұрғын үй мәселелері қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің онлайн қабылдауында басты назарға алынды. Қала басшысының орынбасары бұл жолғы қабылдауында 20-ға жуық азаматтың өтінішін тыңдады. Әр тұрғынның мәселесі мұқият қарастырылып, заң аясында шешу жолдары түсіндірілді.
Алдымен жұмысқа орналасуына өтінішін жеткізген тұрғындардың бірі Перизат Күдірбекова болды.

-Сіздерге үлкен алғысымды білдіремін. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, барынша қолдау көрсетудесіздер. Сіздерден атаулы әлеуметтік көмек немесе баспана беріңіздер деп сұрап отырғаным жоқ. Тек ешкімге алақан жаймай, табысым жеткілікті болатындай жұмыспен қамтуларыңызды сұраймын. Мамандығым тарих пәнінің мұғалімі,-деді ол. Ерғали Дәулетбекұлы өз кезегінде тиісті басқарма басшылығына қала тұрғынын жұмыспен қамту мәселесін бақылауға алуды тапсырды.

Айта кету керек, биыл Шымкент қаласында 21 841 азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңға оның 12 мыңнан астамы қамтылған.
Жалпы жұмыссыздықпен күрес және халықтың әл-ауқатын арттыру шарасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков тұрғындарды жеке мәселелерімен алдын-ала жазылу бойынша аптаның бейсенбі және жұма күндері қабылдайды. Карантин талаптарына сәйкес қабылдау онлайн түрде жүргізіледі.

Advertisements