ШЫМКЕНТ: Жылумен емдеу тәсілі денені қыздырып, қан тамырларын кеңітеді

173

Шымкент қаласының «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы әлеуметтік-медициналық қызмет түрлерін көрсетеді. Оның ішінде физиотерапияның жылумен емдеу тәсілін кең қолданып жүр. Яғни, жедел және созылмалы буын сырқаттарын, жарақат, ревматизм, құяң сияқты аурулармен ауыратын жандарды парафин және лаймен емдеу арқылы оңалтуда.

– Жылумен емдеу тәсілі денені қыздырып, қан тамырларын кеңітеді. Ауырған жердің қан айналымын қалпына келтіріп, ауырғанын басады, ісігін қайтарады. Аталмыш ем түрін қолдану өте ұқыптылықты талап етеді, – дейді орталықтың білікті медбике қызметкері Ләззат Жұмақұлова.

Сонымен бірге, медициналық-әлеуметтік мекеме жартылай стационарлық жағдайда I және II топ мүгедектеріне арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді. Психологиялық қызмет көрсету және сенсорлық бөлме, емдік дене шынықтыру, мәдени қызмет көрсету және физио емдік бөлмелерімен де қамтылған.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер әлеуметтік салада психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, сонымен бірге өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті 1-2 топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету жағдайында мемлекеттік және мемлекеттік мекемелерге альтернатива ретінде үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Осы бағытта басқармаға қарасты 8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталық бар. Жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам оңалту шараларымен қамтылған.

Жалпы, Шымкент қаласында 36 944 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 6479-ы 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар. Орталықтың мекенжайы: Әл-Фараби аудан, Жангелдин көшесі, 13А

Advertisements