Әйтенов қала тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесін жіті қарады

161

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке биылғы жылдың алты айында атқарылған жұмыстар туралы есепті қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков тапсырды.

Басқарма басшысы берген ақпаратқа сәйкес, биылғы жылы басқарма тарапынан 93 жоба іске асырылуда. Оның ішінде ауыз су бойынша – 14, кәріз жүйесі – 13, электр энергиясы – 20, табиғи газбен қамту – 18, жылу жүйелері – 3 және инженерлік инфрақұрылым бойынша – 25 нысанның құрылыстары қолға алынған.

Биылғы жылы ауыз суды кестемен тұтынуға мәжбүр 5 тұрғын алап пен шағын аудандардың екеуінде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілсе, су тасымалдап ішетін 7 елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылған су жүйелерімен қамтылмақ.

Магистралды жүйелер бойынша 3 нысанның құрылысы басталған. Ішкі орамдық су жүйелерінің құрылысы 11 шағын ауданда жүргізіліп отыр. Құрсай шағын ауданын қамтитын ауыз су нысанының құрылысы 2022 жылы аяқталмақ.

Қала тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесін жіті қараған қала әкімі М.Әйтенов магистралды жүйелер ең басты арна екендігін еске салып, оның құрылыстарын ішкі орамдық жүйелерден бұрын аяқтау керектігін міндеттеді.

Жоба құрылыстары барысында инженерлік желілер өтуі тиіс жерлердің меншік иелерінің келісімін алу процессін созбалаңға салмай жеделдетіп шешу керектігіне көңіл бөлді. Ең бастысы, межеленген жұмыстарды мерзімдерінде аяқтап, іске қосуды тапсырды.

Құрылыс жұмыстарына тартылған жұмысшылар бригадаларының санын көбейту мәселесін қарастырып, ішкі орамдық су жүйелерінің құрылыстарын күзгі және қысқы кезеңдерге қалып кетпеуін қадағалауды, тұрғындар жаңбырлы күзде жер қазу жұмыстарынан батпақ кешіп, зардап шекпеуі керек екендігін қатаң ескертті.

Advertisements