Шымкентте 700-ден астам көшеге жарықшамдар орнату жоспарлануда

188

Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы құрылысы қарқын алған Тұран шағын ауданында қалалық инфрақұрылымды дамыту міндетін іске асырып келеді. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновке биылғы жылдың алты айында атқарған жұмыстары туралы есебінде басқарма басшысы Б.Болатбеков мәлімдеді. Осы бағытта биыл шағын ауданда 13 көшеге асфальт төсеу, аяқжолдар салу жұмыстары басталған.

Инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамту бойынша Қызылжар тұрғын алабын, бір мың төсек орындық клиника салынатын аумақты және «Жұлдыз» индустриалды аймағының инженерлік инфрақұрылымын салу жобалары қолға алынған. Оның ішінде Қызылжар тұрғын алабында ауыз су, газ, байланыс желілері тартылып, тұрғын алапта қалалық орта қалыптасады.

Қала көшелерін абаттандыру мәселесінде көшелерге электр жарығын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда қаладағы әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 220 көшесіне ғана жарықшамдар орнатылған. Биыл 324 көшеге жарықшамдар орнату, ескі жарықшамдарды ауыстыру жұмыстарын атқару көзделген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 104 көше бойынша іскерлік орта өкілдерімен келісімшарттар түзілген. Қазіргі таңда бұл жұмыстар 31 көшеде атқарылған.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов энергетика және инфрақұрылымды дамыту саласындағы жұмыстар қаланың тыныс-тіршілігімен етене байланысты сала екенін атап өтті. Жүктелген міндетттер басқарманың әрбір қызметкерінен терең кәсібилік пен жеке жауапкершілікті талап ететінін айтып, халыққа ұсынатын қызмет арнасын жүйелеуді талап етті.

Advertisements