Түркістанда «Фариза» спектаклі қойылады

130

Түркістан музыкалық драма театрында қазан айының 23-24 күндері “ФАРИЗА” спектаклінің премьерасы қойылады. Идея авторы және көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова сахналық қойылымның өзге туындылардан айтарлықтай ерекшелігі бар екенін жеткізді.
«Фариза» спектаклін қоюдағы басты мақсат – өрелі ақын, қоғам қайраткері, елімізге танымал тұлғаны халыққа терең таныту, қоғамды әдеби-мәдени тұрғыда байыту, жастардың интеллектуалдық белсенділігін дамыту, театр сахнасында техникалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып көрерменнің қызығушылығын арттыру. Бұл спектакль көрерменнің назарын аудару әдісімен, заманауи технологиялық құрылғыларымен, айрықша декорациямен, сахна көңіл-күйіне сәйкес арнайы жазылған музыкамен ерекшеленеді. Пьеса қазақ тілінде қойылады, орыс тіліне ілеспе аударма жасалады» – деді А.Көпбасарова.
Басты рөлдегі кейіпкерлерді “Дарын” мемлекеттік сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Лейла Бекназар-Ханинга және Ерлан Кәрібаев сомдайды.
Айта кетейік, «ФАРИЗА» спектаклі бар болғаны көрермен назарына төрт рет ұсынылған. Алғаш рет Алматы, Мәскеу қалаларында, сондай-ақ елордамыз Нұр-Сұлтанда қойылған. Шыншыл да сыршыл өлеңдерімен жұрттың жүрегіне жол тапқан, адалдығы мен ақындығы тең түсетін, қайсар да қайталанбас талант иесі – Фариза Оңғарсынованың өмірі мен өлеңі туралы пьесаны «A+A Idea Fabric» продюсерлік орталығының тапсырысымен драматург Роза Мұқанова жазып шықты.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Advertisements