4 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар бала Оңалту орталықтарында көмек алды
4 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар бала Оңалту орталықтарында көмек алды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды inform.kz
«Қамқорлық» корпоративтік қорының бастамаларын жүзеге асыру аясында 7 Оңалту орталығы мен Ерте араласу орталығы (Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында) базасында 3 мыңнан астам балаға медициналық оңалту жүргізілді. Аталған қордың қолдауымен 27 Оңалту орталығын (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында) ашу жоспарланған», – делінген Үкімет басшысының жауабында. Премьер-Министрдің атап өтуінше, бұл іс-шара балалардың барлық санатын сауықтыру және оңалтумен қамтуға мүмкіндік береді. «2020 жылы ерекше қажеттілігі бар 4 143 бала Оңалту орталықтарында, 22 551 бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, 16 112 бала логопед пункттерінде психологиялық-педагогикалық қолдау алды. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында нысандардың бейімделу сапасына мемлекеттік бақылау жүргізіледі. 2021 жылы 4 790 нысанға мониторинг жүргізілді. Бұл жоспарланған нысандардың жалпы санының 96,2 пайызын құрайды», – деп атап өтеді Асқар Мамин.