246,7 миллион теңге кімге бұйырды?

258

Жарнамасы жер жарған «Бөрте» спектаклін қою үшін «Түркістан музыкалық драма театры» МКҚК жалпы сомасы 246 млн 750 мың теңге шығындаған, деп хабарлайды zamana.kz

Мемлекеттік сатып алу порталында шыққан тендердің орындалу уақыты 2021 жылдың 30 қарашасы деп белгіленген. Тендердің сипаттамасында бастапқы сома 40 млн теңге деп көрсетілген. Алайда белгісіз себептермен қосымша келісімшарт негізінде өзгеріс енгізіліп, жалпы сомаға тағы 206 млн теңге қосылған. Тендер бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткендіктен, ашық конкурс болмаған. Тапсырысты орындаушы – «A-Event KZ» ЖШС. Театр әлеуетті өнім беруші ретінде үш компанияны таңдап, олардан коммерциялық ұсыныс сұратқан. Бір қызығы, үшеудің бірі театр директоры Айнұр Көпбасарова бір кездері жетекшілік еткен «A+A Idea Fabric» атты компания. Ал қалған екі компания («A-Event KZ» ЖШС мен «Penopro» ЖШС) бір адамның атына тіркелген, құрылтайшысы – Жұмажан Қалтаев. Есепте көрсетілгендей, төмен шектік бағаны ұсынған «A-Event KZ» ЖШС әлеуетті өнім беруші ретінде таңдалған.  «A-Event KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры әрі құрылтайшысы – Жұмажан Қалтаев. Жоғарыда атап өткеніміздей, ол «Penopro» ЖШС-ның да құрылтайшысы. Аталған мекеме биыл Наурыз тойын өткізу үшін Шымкент қалалық Мәдениет басқармасымен 322 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Карантин кезінде қыруар қаражат жұмсап өткізілген той қоғам тарапынан үлкен сынға ұшыраған-тын. «A-Event KZ» 2016 жылдан бері 40 мемлекеттік сатып алуға қатысып, 39 рет тікелей бір көзден алып келген.

650 мың теңге тұратын костюм

«Бөртені» сахналау үшін бөлінген қаражаттың техникалық сипаттамасында назар аударатын нәрсе жеткілікті. Мәселен, шығын сметасында логистика шығындарына 9 млн 402 мың теңге қаралған. Қойылымға қатысы бар 3 адамды 1 млн 200 мың теңгеге 2 рет ұшақпен тасуға және репетиция кезінде бір ай қонақ үйге тұрақтауға 1 млн 890 мың теңге жұмсалған. 15 адамды әкелуге 852 мың 150 теңге, оларды қонақүйге орналастыруға 5 млн 460  мың теңге бөлінген. Ал костюмдерге 13 млн 100 мың теңге қарастырылған. Оның ішінде бас кейіпкердің костюмі 650 мың теңгеге бағаланса, 10 костюмге 600 мың теңгеден 6 млн теңге есептелген. Басқа кейіпкерлердің 16 бас киімі 200 мың теңгеден 3 млн 200 мың теңгеге бағаланған.

206 млн теңге қайда жұмсалғаны жазылмаған

Орындаушы шығындардың есебін Түркістан облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасына тапсырады. Бір айта кетерлігі, негізгі шарттағы бастапқы 40 млн теңгеге қосылған 206 млн теңгенің техникалық сипаттамасы порталда жоқ. Ол соманың нендей мақсатта, қайда жоспарланып отырғаны әзірге белгісіз. Ал заң бойынша келісімшарт сомасын өсіру үшін орындалатын жұмыс көлемі де өсуі шарт.

Италиядан келген  қос режиссер

Жаңа театрдың алғашқы қойылымына режиссер ретінде Италиядан екі бірдей адам шақырылды. Көркемдік жетекшілер қатарында театр директоры Айнұр Көпбасарова мен режиссер Карло Шаккалуга болса, қоюшы-режиссер – Давиде Ливерморе. Шетелден шақыртылған қос режиссерге төленген гонорар көлемі белгісіз. Давиде Ливерморе – өнер әлеміндегі дарынды тұлға. Ол әнші, хореограф, суретші, сценарист, мұғалім болып жұмыс істей жүріп, кейіннен сценография мен дизайнерлік шеберлікке, сонымен қатар сахналық режиссер бағытына біржола бет бұрды. Әйгілі режиссер көрнекті тұлғалармен, оның ішінде Пласидо Доминго, Луччиано Паваротти, режиссер Андрей Тарковскиймен бірлесіп жұмыс істеген. Ал 1987 жылы туған Карло Шаккалуга режиссерлік дебютін өте ерте бастағаны айтылады. Әр жылдары театрда актер бола жүріп, бірнеше қойылымдарды сахналаған. Сондай-ақ, оның қойылымдары Генуя ұлттық театры мен Стабиле ұлттық театрында сахналанған.

Билет құны қанша?

Өткен аптада аншлагпен өткен қойылымның ендігі премьерасы осы демалыста өтеді. Ал спектакль билеттері 2 мың теңге мен 25 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Касса қызметкерінің айтуынша, А секторындағы 1-4 қатар аралығындағы орындар 25 мың теңге. Алайда оны театр кассасынан ала алмайсыз, «Тикетон» сайтынан ғана сатып алуға болады.

Advertisements