ТҮРКІСТАН: ӨЗ ҮЙІН ШЕБЕРХАНАҒА АЙНАЛДЫРҒАН ШЕБЕР 800-ДЕН АСТАМ ДОМБЫРА ЖАСАП ШЫҒАРҒАН

102
Бүгінде өз-өзін жұмыспен қамтып, қоғамға пайдасын жүрген азаматтар баршылық. Солардың бірі – Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің тұрғыны Октябрь Ағманов. Домбыра жасаудың хас шебері 20 жылда 800-ден астам домбыра жасап шығарған. Ол жасаған бұйымдарға жергілікті және республика көлеміндегі жыршы-күйшілердің де ықыласы ерекше.
Октябрь Байбақұлы – құрылысшы әрі он саусағынан өнер тамған шебер. Құрылыспен қатар ағаштан әр түрлі дүние жасайды. Басты кәсібі – домбыра жасау. Ол сүйікті ісін 20 жыл бұрын Арыс қаласындағы Жанар Байғұттиева атындағы саз мектебінде бастаған.
– Негізінде жақсы домбыра 4-5 түрлі ағаштан жасалады. Мен өзімізде өсетін жаңғақ, қара тал секілді ағаштарды қолданамын. Қажетті дүниелер дайын болса, бір домбыраны 3-4 күнде жасауға болады. Бірақ шеберлерде ондай мүмкіндік бола бермейді. Құрап қойып, басқа шаруаларымен айналысасың. Сондықтан бір домбыраны кем дегенде бір апта жасаймыз, – дейді шебер.
Ағаш шеберінің айтуынша, домбыраның бағасы оның өлшеміне, тапсырыс берушінің талаптарына, жасалған материалы мен шебердің еңбегіне байланысты белгіленеді. Әр шебердің өз бағасы бар. Арасында тегін сыйға кететіндері бар екен. Еңбекқорлықты дәріптеп жүрген азамат ешкімнің қолдауынсыз өз үйін шеберханаға айналдырып, елдің ризашылығын алып жүр. Алдағы уақытта мемлекеттен қолдау болса, үлкен станоктар алып, кәсібін кеңейтіп, домбырадан бөлек ағаштан жасалатын астау, қасық, кесе, сандық секілді ұлттық дүниелерді көптеп шығаруды жоспарлап отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements