ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫНА 3 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫ САЛҒАН

83
Түркістан облысында жыл басынан бері 140 интернет-алаяқтық қылмыс тіркелген. Өткен жылы облыс аумағында қаржылық пирамидаға қатысты 5 қылмыстық іс анықталып, шығын көлемі 3 млрд 291 млн 906 теңгені құраған. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов мәлімдеді.
«2020 жылдан бері онлайн-кредиттік алаяқтықпен айналысатын микроқаржы ұйымдарына қатысты 213 қылмыстық іс тіркелген. Анықталған қылмыстық істердің көбі “Tengo.kz”, “Freedom finance”, “Fincap”, “Koke.kz”, “Capvia”, “Dengiclick.kz” секілді ірі микроқаржы ұйымдарына қатысты. Қазіргі таңда киберқылмыстармен күрес жүргізетін IT-мамандарының біліктілігін арттыру қолға алынуда»- деді Нұрмахан Тоғайбайұлы.
Ал, Қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры Сұлтан Батталовтың келтірген мәліметіне сүйенсек, қаржы пирамидаларының басты ұйымдастырушылары облыстан тысқары жерде орналасқан. Мәселен, «Свой дом» қаржы пирамидасы Ресейде құрылса, «Indigo» ұйымы Алматы қаласында орналасқан. Алайда, жәбірленушілердің басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары. Сондай-ақ Түркістан облысы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Қуат Демесінұлының айтуынша, қаржылық пирамидаларға қатысты профилактикалық кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан қаласындағы 8 қоғамдық орынға, аялдамаларға және қоғамдық көліктерге жадынамалар орнатылды. Бұл іс әкімдіктің қолдауымен облысқа қарасты аудан, қалаларда жалғасын таппақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Advertisements