ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУДА ЖАСТАРДЫҢ ҚОСАР ҮЛЕСІ МОЛ»

105
Түркістан қаласына «Ирина Кайратовна» тобының әншілері мен продюсері келіп, жергілікті жастармен кездесті. Олардың сұрақтарына жауап беріп, шығармашылық ізденістері, алдағы жоспарлары туралы баяндады. Жастардың жарқын жүздесуіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келіп, олармен пікір алмасты.
– Қазір бізде халықпен кездесулер өтіп жатыр. Әлеуметтік желіден жастардың сұхбатын көріп, жедел жетіп, сіздермен жүздесуді ұйғардым. Қазір тарихи Түркістан жаңару, даму кезеңін бастан өткеруде. Мәдени-рухани, әлеуметтік нысандар салынды, ғимараттар бой көтерді. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынып, ескі бөлігі де жаңғыруда. Солардың бірі – осы «Farab» кітапханасын жобалағанда көп ойландық. Ақылдаса келе Финляндияда бой көтерген заманауи кітапханасының тұжырымдамасына тоқталдық. Кітапхананы жан-жақты жетілдіріп, Fablab жүйесі де іске қосылды. Бұл – халықтың үй мен жұмыс арасындағы үшінші орыны болуы тиіс. Әсіресе жастар үшін мұнда бар жағдай жасалған, – деген облыс әкімі Түркістанды дамытуда жастардың рөлі жоғары екеніне тоқталды.
– Ғимараттардың құрылысын салу бір бөлек, ал сол ғимараттарға мән-мазмұн беру аса маңызды іс. Осы жағы алаңдататын. Бірақ қысқа уақытта мәдени-рухани ғимараттарымыз жастарға, руханиятқа жақын жандарға толып, жұмысы жүріп кетті. Түркістанда екі құндылық бар. Біріншісі – Қожа Ахмет Ясауи, екіншісі – орта ғасырдан біздің дәуірге жеткен ғажайып кесене. Біз Ясауи мұрасына әлі тереңдей алмай жүрміз. Ол – түркі руханияты мен әдебиетінің көшбасшыларының бірі, ұлы ғұлама. Абай, Шәкәрім сынды ұлы ақындарымыздың шығармаларында Ясауи поэзиясының иірімдері бар. Бүгін қалаға концерт беру үшін арнайы келген өнерлі жастармен кездескеніме қуаныштымын. Жалпы, біздің буын жастарды ештеңеге қызықпайды деп ойлайды. Бірақ қазіргі жастар өте талантты әрі біз білмейтін жаңа бастамалар мен бағыттарды ұсынып жүр. Түркістанды дамытуға қосар үлестеріңіз мол. Оған қолдау жасалады, – деді облыс әкімі.
Кездесуде жастар тарапынан спикерлерге сұрақтар қойылып, жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсті. «Ирина Кайратовна» тобының жанкүйерлері ұжымға шығармашылық табыс тілесе, әншілер Түркістан жастарының ықыласына ризашылықтарын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements