ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ҰСТАЗЫН ҮЛГІ ЕТТІ

96
300-ге жуық ұстаздың басын қосқан «Ясауи көктемгі мектебі» жобасына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев педагогтардың сан алуан сұрақтарына жауап берді. Облыс әкімі мектептегі ұстазын үлгі етіп, өзінің осы дәрежеге жеткеніне мектеп табалдырығындағы мұғалімінің тәрбиесінің арқасында екенін ерекше еске алды.
«Бұл кездесу жоспарда жоқ еді. Алайда осында облысымыздың түпкір-түкпірінен ұстаздар жиналып жатқанын естіп, өздеріңізбен жүздесіп кетуге арнайы келдім. Сіздердің еңбектеріңіз ерен. Бәріміз мектептен шықтық. Мен оқыған мектебімде Сәуле Әлжанова деген апайымыз болды. Берген тәрбиесі, сол кісінің жұмысы, мектепке деген адалдығы, бар жан-тәнін салып жұмыс істегені әлі менің есімнен кетпейді. Ол мектепте тұратын. Сол жерде қыстың күні пеш орналасқан бөлмеде жүріп, жұмысшылармен бірге от жағатын. Осындай кісілердің арқасында осындай мықты ұстаздан үлгі алған талай ұрпақ тәрбиеленді. Сол кісілердің тәрбиесі бәрімізге жетті. Ешкімнен кем тәрбиеленген жоқпыз. Білім жағынан да, тәрбие, спорт жағынан да. Бүкіл мектептердегі жұмыстарды ұйымдастыру сіздерге байланысты. Жас кезімізде біз математика, физика олимпиадаларына дайындалатынбыз. Музыкамен айналысатынбыз. Өнерге жақын болдық, күрес, футболға барып, бос уақыт болмайтын. Оның бәрін сол мектептегі мұғалімдер ұйымдастыратын. Сол сияқты көп нәрсе сіздерге байланысты. Қазір, әрине басқа заман. Балалар компьютерде отырады. Оның бәрі пайда әкелмейді. Денсаулықтың жақсы болуы 90 пайыз адамның салауатты өмір салтына, қалғаны медицинаға байналысты. Сондықтан балалардың жан-жақты дамуы сіздерге байналысты», — деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыс басшысы өңірдің үш жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуымен бөлісті. Өз кезегінде ұстаздар еркін әңгіме барысында Өмірзақ Естайұлына сұрақтарын қойды. Өңір мұғалімдері білім ұяларының күрделі жөндеуден өтуі, пән сыныптарының ашылуы, өңірдегі инфрақұрылымның дамуы секілді мәселелер бойынша сауалдарына тұшымды жауап алды.
Арнайы жобаға шақырылған білім ұяларының ұстаздары облыстың түкпір-түкпірінен келген. Маңызды жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдығына орай, оқу ордасы мен «Soft Skills Qazakhstan» компаниясы ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – жылдам өзгеріп жатқан әлемде инновациялар мен заманауи технологияларға бағдарланған жалпы білім беретін мектептердің, гимназиялар мен лицейлердің сынып жетекшілері мен мұғалімдерін балалармен жұмыс істеуге бейімдеу арқылы білімдері мен біліктіліктерін арттыру.
Көктемгі мектепке Түркістан облысындағы жалпы білім беретін мектептердің оқу және тәрбие ісінің меңгерушілері, мұғалімдері қатысуда. Олар бес бағыт бойынша заманауи әдістер мен тәсілдерді меңгеруде. Атап айтсақ, «ХХІ ғасырдың басты дағыдысы: Эмоционалды интеллект», «Қазіргі заманғы мектеп: Жастар кәсіпкерлігін қолдау», «Қазіргі заманғы педагогиканың негізгі мәселесі: Буллингпен күрес және балалар құқығын қамтамасыз ету», «Болашақтың мектебі: Аралас білім беру (Blended Learning)», «Трансформациялық көшбасшылық: әлемді жақсы жаққа бірге өзгертейік» бағыттары қамтылған.
Кездесуден соң облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев университетттің 30 жылдығына орай ашылған аллеяға ағаш отырғызып, Наурыз мерекесінің салтанатты іс-шарасына қатысты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements