Әкімдер де сайлаушы  

203

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру науқаны басталды – деп хабарлайды ARSHAT-KAZ ақпарат агенттігі.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов таңғы сағат 7.30-да Қазақ ұлттық өнер университетіндегі №329 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Таңертең сайлау учаскесіне барып, дауыс бердім. Қаламызда 400-ден астам сайлау учаскесі ашылды. Бүгін сайлау учаскелерінде жұмыс істейтіндердің бәріне алғысымды білдіремін», – дедI Алтай Көлгінов.

Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев Президенті сайлауына жұбайымен бірге барды.

Алғашқылардың бірі болып таңғы сағат 7-де №358 сайлау учаскесіне келген.

«Бүгінде Қазақстан азаматтары өздерінің конституциялық құқығын іске асырып, алдағы 7 жылда еліміздің дамуына үлес қосады. Әр қазақстандықтың дауысы маңызды, бүгін мен қаламыздың, тұрғындарымыздың, отбасымның және балаларымның жарқын болашағы үшін елдің азаматы, Алматы тұрғыны ретінде дауыс беруге келдім. Алматылықтар өздерінің бірлігін көрсетіп, өз таңдауын жасайтынына сенімдімін», – деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ие өз таңдауын жасап, 231 сайлау учаскесінде дауыс берді.

“Бүгін алдағы 7 жылымызды айқындайтын, Қазақстан Республикасының Президенті сайлауы өтуде. Еліміздің әрбір тұрғыны бұған бей-жай қарамайды деп сенемін. Қазақстан азаматы ретінде мен де өз таңдауымды жасадым”-деді М.Әйтенов.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өз таңдауын жасады.

Өңір басшысы ел тағдыры үшін маңызды саяси науқанға атсалысты. Облыс әкімі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында орналасқан №133 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.

Түркістан облысы бойынша 919 сайлау учаскесі бар. Оның 50-і облыс орталығында орналасқан. Сайлау учаскелерінің 893-і азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және 26-ы уақытша болу орындарындағы сайлау учаскелері (5 – әскери бөлімде, 1 – шипажайда, 16 – емдеу мекемесінде, 4 – уақытша ұстау изоляторында). 300-ден астам сайлау учаскелерінде еqov.kz порталы арқылы сайлаушылардың тіркелген мекен – жайын тексеру бойынша онлайн сервистер ұйымдастырылған. Сонымен қатар, сайлаушыларды тізімдерден тексеру бойынша «109 бірыңғай байланыс орталығы» (Call – орталық) 24/7 режимде жұмыс жасауда. Сағат 10.00-дегі мәлімет бойынша Түркістан облысы сайлаушыларының 27% дауыс берді.

Ел бойынша сайлауға барлығы 10 101 учаске іске қосылған. Сайлаушылар тізімінде 11 950 485 азамат енгізілген. Президент сайлауына 10 шақты халықаралық ұйым мен 35 елден 640 тан астам БАЙҚАУШЫ қатысып отыр. Саяси науқанды насихаттауға шетелден 260 тан астам БАҚ өкілі келген. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды. Сондай-ақ бүгінгі маңызды саяси науқан қарсаңында сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтың болмауын қадағалау маңызды. Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, бүгін үгіт насихат жұмыстарына тыйым салынған. Тек ресми тіркелген заңды тұлғалар ғана жария ете алады. Дауыс беру нәтижелерінің болжамдарын, сауалнамалар нәтижелерін БАҚ бетіне жариялауға болмайды. Осы уақытқа дейін сайлау мәселелері бойынша прокуратураға өтініштер түспеген. Ал Ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәліметінше қоғамдық тәртіпті бақылауға 20 мыңнан астам полицей жұмылған.

 

Advertisements