ШЫМКЕНТ: 25 005 бала 1-сыныпқа қабылданды

120

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындармен кезекті тікелей эфирде жүздесіп, толғандырған сауалдарына жауап берді. Қала әкімі бұл жолы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығынан хабардар етті.

Шымкент қаласында 2021-2022 жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте дәстүрлі форматта басталады. Білім беру ұйымдарының саны – 785, білім алушылар – 349 814. 1-сыныпқа 25 005 бала қабылданды. Білім қоры арқылы 57 466 балаға бір реттік 30 000 теңге қаржылай көмек беріледі.

Қала әкімі білім беру мекемелеріндегі санитарлық-эпидемиологиялық шараларға тоқталып өтті. Қалада 785 мекеме 100 % «Ashyq» жүйесіне қосылып, педагогтер мен техникалық персоналдар 100 % вакциналанды. 526 балабақша, 203 мектеп және 32 колледж «Ashyq» жобасына қосылды.
Бұл ретте бірқатар ескертулерді атап өткен жөн. Балабақшаларда тәрбиеленуші ауырған жағдайда топ жабылады. Ата-аналар ауырған жағдайда балалар балабақшаға бармайды.
Мектепте білім алушы ауырған жағдайда сынып қашықтықтан оқытуға жіберіледі. Науқас және байланыста болған ата-аналар жағдайында балалар қашықтықтан білім алады. Бөгде адамдарға кіруге тыйым салынады. Бір сынып – бір кабинет талаптары сақталады.
Ал колледждерде педагогтер, қызметкерлер, 18 жастан асқан студенттер 100 % вакциналаудан өтуде.

Сондай-ақ, шаһар басшысы білім беру ұйымдарының инфрақұрылыммен қамтылу және жылу маусымына дайындығына тоқталып өтті. Атап айтқанда, қыркүйек айына 15 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 4-уі жыл соңында. Биыл 4 нысан күрделі жөндеуден, 175 нысан ағымдағы жөндеуден өтті.
Қалада 258 нысан жылу маусымына дайындалды. 258 нысанда қысымдау жұмыстары жүргізілді.

Қала әкімі тұрғындар сауалына жауап бере келе, оқушылардың 100 % оқулықтарын жеткізу және уақтылы қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарын күрделі және ағымдағы жөндеуді мерзімінде аяқтау, балалар мен педагогтер денсаулығының қауіпсіздігін сақтау мақсатында білім беру ұйымдарын қажетті санитарлық және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етуге баса назар аударылатынын мәлімдеді.

Advertisements