ШЫМКЕНТ: Күніне 40-қа жуық зейнеткерге тегін қызмет көрсетіледі

119

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Асыл жүрек» орталығында зейнеткерлердің күндері әнұранды шырқаумен басталады. Бұл үрдіс қызмет алушылардың өз қалауымен дәстүрге айналған.

Қазіргі таңда орталықта күніне 40-қа жуық зейнеткерге тегін қызмет көрсетіледі. Шымкент қаласының зейнеткерлері 4 сағат көлемінде жартылай стационарлық жағдайында медициналық және арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін алады. Бүгінде карантин талаптары бойынша күндізгі стационарда 65 жасқа дейінгі зейнеткерлерді қабылдап отыр.

Айта кетейік «Асыл жүрек» орталығы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен 2019 жылы 7-ші маусымда салтанатты түрде ашылды. Мұнда кардиолог, терапевт, невропатолог, физио-терапевт дәрігер мамандары қызмет көрсетеді. Ғимарат медициналық тексеруден өту аймағы, интернет – кафе (egov.kz «Электронды үкімет» порталы), емдік-уқалау және кинозал, кітапхана, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, би, үстел теннисі, бильярд), сенсорлық кабинет, тілдер курсы (қазақ тілі, ағылшын тілі, латын әліпбиі), қолөнермен жұмыс жасау аймақтарымен жабдықталған.

Орталықтың негізгі мақсаты – азаматтарға денсаулық жағдайына байланысты белсенді өмір сүруді қалыптастыруда жартылай стационарлық жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету.

Сонымен қатар, белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қызмет алушыларға арналған фитотерапия бөлмесі бар. Қызмет алушылар күнделікті фито-барға келіп шөптен жасалған шайларын ішіп, өз денсаулықтарын түзейді. Фитотерапия тұмау, асқазан, жүрек қан тамырлары, жүйке жүйесі мен тері жабыны ауру түрлерін емдеуге қолданылады.
Аталған орталыққа келу үшін жеке кәулік пен зейнет кітапшасының көшірмесі, медициналық картаны толтырып, ХҚКО арқылы өтінім береді. Өтінім негізінде жолдама қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан беріледі.

Advertisements