ШЫМКЕНТ: Туризмді дамытуға арналған иновациялық жобалар таныстырылды
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен ұйымдастырылған пресс-тур аясында БАҚ өкілдері «Shymkent Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығының жұмысымен танысты.
Аталған орталық бүгінде үшінші мегаполисті туристерге таныстыру мақсатында «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін қалыптастыруға бағытталған шахматтан Қазақстан чемпионаты, «Жасыл көше» және «Tolem Tourist» картасы пилоттық жобалары бойынша жұмыс істеуде.
Пресс-тур барысында әкім орынбасары мен журналистер қаламыздың туризмін дамытуға бағытталған бастамалармен танысты.
Аталған туристік орталықтың басшысы Айдарәлі Рамановтың мәлімдеуінше, 2021 жылдың 20-30 шілде аралығында Шымкентте шахматтан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылмақ. Әлемдік шахмат (20 шілде) күніне орай өткізіліп отырған шараның мақсаты – халықаралық аренада Қазақстанның оң имиджін қалыптастырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыру. Осы орайда қалада еліміздің барлық аймағынан жиналған ойыншылар, олардың ата-аналары мен жаттықтырушыларын қоса есептегенде 1500 адам қонақ болады. Яғни, аталған онкүндікте қонақтарымызға шаһарды жан-жақты таныстыруға айрықша күш салынып отыр.
Сонымен қатар, қала өміріне жаңашылық енгізетін екінші жоба – Жасыл көше. Бүгінде әлемнің бірқатар елінде «түрлі-түсті көше» жобасы сәтті іске асырылған. Бұл ретте Шымкенттегі 500 метр көшені әрлеу көзделген. Кіші және орта бизнестің дамуына септігін тигізетін ерекше бастама туристер санын арттыруға бағытталған.
Одан бөлек, туризм саласында «Tolem Tourist» картасын әзірлеу қолға алынып отыр. Яғни, қаладағы туристік нысандар бірыңғай картаға енгізіліп, туристерге арнайы жол картасы көрсетіледі. Ол үшін қазіргі уақытта картаға енгізілетін кәсіпкерлік нысандармен келіссөздер жүргізілуде. Алдын ала жасалған талдауға сүйенсек, картамен төлем жасау нысандардың әрқайсысына жеке-жеке төлем жасаудан бірнеше есе арзанға түспек. Осы орайда картаның сатылым бағасы, жарамдылық мерзімі және жетілдіру бойынша жұмыстар басталып кетті.