ЖОЛДАУ: ІТ-мамандарын даярлау – заман талабы

115

Ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда өмір сүріп отырмыз. «Цифрлы Қазақстанға» айналу үшін де отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу өте маңызды. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауда «Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың білікті ІТ-маман даярлау қажет» деп ІТ-мамандарына сұраныс жоғары екенін атап өтті.
Сондай-ақ, «Электронды үкіметтің» мүлде жаңа құрылымын жасауды тапсырды. Бұл платформаның тиімсіз шығыстары мен бюрократияны жоятынын айтты. Яғни, алдағы уақытта мемлекеттік қызметтер азаматтарға смартфоннан 100 пайыз қолжетімді болмақ.
Бүгінгі таңда «Электронды үкіметтің» тиімділігі сол, тұрғындар кез-келген қажетті анықтаманы үйде отырып, онлайн ала алады. Осыдан 10-15 жыл бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұру, әр мекеменің есігін қағу ұмыт болғалы қашан?! Алдағы уақытта «Электронды үкіметті» қолданушылар саны артып, халық арасында 100 пайыз қолжетімді болған кезде, бұқара мен билік арасындағы байланыс нығая түсері сөзсіз.
Мәселен, Шымкент қаласының тұрғындары үшін «I-komek»-тің көмегі көп. Орталық аз ғана уақытта тұрғындардың тұрмыстық, әлеуметтік тұрғыдағы проблемаларын шешуде билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналып үлгерді. Орталыққа күнделікті 100-ден аса мәселе бойынша 1000-1200 сұрақ пен шағым түседі.
Орталық ашылғалы бері барлығы 180 мыңнан аса қоңырау қабылдап, оның 98 % -ы орындалып, тиісті жауаптары тұрғындарға берілді.
Тамыз айында орталыққа қоғамдық көлік мәселесі бойынша – 3592, төлем жүйесі – 2493, жарық – 1481, АӘК – 769, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару – 556, су – 451, жол инфрақұрылымы – 424, денсаулық сақтау – 128, газ – 211 және тағы басқа да проблемалармен арыз-шағымдар түсіп, олар дер кезінде шешімін тапқан. Алдағы уақытта бұл қызметтің тиімділігін арттырып, тұрғындарға қолжетімді қызмет ұсыну үшін жұмысымызды дамыта түсеміз. Әрине, бұл тұста ІТ-мамандардың көмегіне жүгінетініміз анық.
Азат ӘМІРТАЙ,
Шымкент қаласы ситуациялық 109 орталығының директоры
Advertisements