ШЫМКЕНТ: Салықтар мен бюджетке төленетiн міндетті төлемдерге қатысты брифинг өтті
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы орынбасарының м.у.а. Б.Тұрсынов және аталған басқарманың өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Ж.Шерханның қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Бахыт Тұрсынов салықты мерзімінде төлемегендерге қолданылатын шаралар туралы айтты.
– Салық мерзімінде төленбеген жағдайда, заң аясында жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы шығарылады. Мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Осы ретте әрбір кешіктірілген мерзімге өсімпұл сомалары есептелінеді. Сот орындаушылар тарапынан барлық мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Яғни банктік есеп шотына, шетелге шығуға шектеулер қою, жылжымайтын, жылжымалы мүліктерді тәркілеу, оны әрі қарай аукцион арқылы сату жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, бюджет алдында берешек қарызыңыздан бөлек қосымша тағы да 25 пайыз өндіріледі. Мысалы, Сіз бюджетке 100 000 теңге қарыз болсаңыз, бюджетке 100 000 теңге, оған қосымша 25 пайыз (25 000 теңге) сот орындаушының қызметіне төлем жүргізесіз. Егер, бюджет алдында 1 теңге қарызыңыз болса банктік есеп шоттарыңыз арқылы қаржылық операцияларды жүргізу, банктік есеп шоттарына ақша алу, банктік есеп шот ашу, депозит шоттарын ашу, тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу, тұтынушылық несилер рәсімдеу және т.б. операциялар жүргізе алмайсыз, – деді Бахыт Құдайбергенұлы.
Спикердің сөзінше, ағымдағы жылдың 1 жартыжылдық қорытындысымен Мемлекеттік бюджет жоспары 107 пайызға орындалған. Сондай-ақ, осы жылдың 1 шілдесіне Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында 7401 заңды және 186 223 жеке тұлға тіркелген. Оның ішінде 13 439 жеке кәсіпкерлер, 429 адвокат, 164 нотариус бар. Әрекетсіз заңды тұлғалардың саны 491, әрекетсіз жеке кәсіпкерлер саны – 767.
Сонымен қатар, жабық базарлар, сауда үйлері, дүкендер, павильиондар аумағында көтерме және (немесе) бөлшек сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлерге QR-кодты (штрих-кодты) орналастыру қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы ретте Шымкент плаза, Цум, Мега планет, Береке, Нyper house, Наурыз парк сауда үйлері толығымен QR-кодты (штрих-кодты) орналастырды. Бүгінгі күнге QR-кодын (штрих-кодты) алған барлығы 2 382 салық төлеуші.
Брифинг барысында Ж.Шерхан «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы туралы айтты.
– Электрондық қызметтерді алу кезінде салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан «e-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Аталған қосымшаны App Store және Play Market арқылы жүктеп алуға болады. «Е-Salyq Azamat» қосымшасында салық әмияны, жалпыға бірдей декларациялау, салық салу объектілері, қызметкердің еңбек ақысы, салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы, БЖТ, электронды сервистер, калькуляторлар, жиі қойылатын сұрақтар қызметтері іске қосылды, – деді Жұман Уәлиханұлы.
Айта кетейік, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалар сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) тапсыратын активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) арқылы ұсынуға болады. «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.