ЖОЛДАУ: Музей мен мұрағат қызметкерлеріне жүктелген міндет орасан
Мемлекет басшысының дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауы елдің келер күнге деген қадамын нақтылап берді. Биылғы Жолдауда халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалына басымдық беріліп, ел көкейіндегі бірқатар түйткілді мәселелер қозғалды. Мәселен, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу сынды тапсырмалар өзектілігін жоғалтқан емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөнінде тапсырма берді.
«2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», – деді Мемлекет басшысы.
Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің құрылғанына биыл 29 жыл болды. Архивте тәуелсіздік жылдар ішіндегі шаһарамызға қатысты құнды құжаттар сақталған. Сондай-ақ 458 мекеменің құжаттарына бақылау жүргізеді және жылына 7-8 мыңға жуық азаматтың өтініштерін дер кезінде қабылдап, сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Музей мен мұрағат қызметкерлеріне жүктелген міндет орасан. Бірі ел өткенінен сыр шертетін құндылықтарды, екіншісі тарихи маңызы бар құжаттарды сақтауда елеулі еңбек етуде. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу – олардың жұмысқа деген жауапкершілігін арттырып, саланың жандануына сеп болмақ.
Айпар АМАНГЕЛДИЕВА,
Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры