Жолдау қоғамда көптен күткен өзекті мәселелерді жан-жақты қамтыды

118

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы қоғамда көптен күткен өзекті мәселелерді жан-жақты қамтыды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму саласын айқындаған Жолдауда 2018 жылдан бері көбеймеген ең төменгі айлықты 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы айтылды. Бұл байсалды бастама қалың жұртшылықтың көңілінен шықты деген ойдамын.

Сондай-ақ, айлығы шайлығына жетпей жүрген азаматтық қызметшілердің жалақысын 2022 жылдан бастап қадамдап, жыл сайын 20% көбейту тапсырылды. Бұл да шешімі кезек күттірмейтін мәселе дер едім. Себебі, ел аумағындағы қымбатшылық қарапайым қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсіріп келе жатқаны баршаға аян. Көптеген бюджеттік мекемелерде азын-аулақ жалақыға жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Президенттің олардың жалақысын көтеру туралы бастамасы сан мыңдаған отбасылар үшін үлкен демеу деп білемін.
Парламенттің бірлескен отырысында Қ.Тоқаев алыс-жақын елдердегі ахуалға тоқталып, ел қауіпсіздігін арттыруға назар аударды. Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен елдің әлеуетін көтеру жайын қозғады. Қоғамдық келісім мен этносаралық татулық жайын еске салды. Бүгінгі жетістігімізді берекелі бірліктің арқасы деп бағалап, ішкі татулығымыздың тұғырынан түсірмеу жайын тапсырды.
Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген азаматтың қазақ тілін үйренуі тиіс екендігін айтты. «Қазақ тілін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді», – деді.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы, биылғы Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Аталған мақсатқа жетудің негізгі бес бастамасын жіті баяндап берді.
Түптеп келгенде, биылғы Жолдауда айтылған тапсырмаларды тиянақты іске асыру ел тұрғындарының жағдайын жақсартады деген ойдамын.
Жаңа Жолдау – жақсылыққа үндеумен қатар, бізден нәтижелі әрі сапалы еңбек етуді талап етеді.
Сондықтан қоғам мүшелерін мерейлі міндеттерді бірлесе іске асыруға шақырамын.

ДИНМУХАМЕД ИСКЕНДИРОВ,

«Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Advertisements