ШЫМКЕНТ: Мәжіліс депутаты көмекші мектеп-интернатта болды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Берік Серікұлы Оспанов Сайрам тұрғын алабында орналасқан көмекші мектеп-интернатта болып, ұжымымен кездесті.
Бұрынғы ғимаратын бұзып тастап, орнында жаңадан корпустары салынған білім ордасында ерекше балалар оқиды. Олар жаңа оқу жылында колледж мәртебесін алды. Мұнда ерекше күтімді керек ететін балалар тек білім ғана алып қоймай, енді мамандық та игеріп шығатын болады.
«Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына осы білім мекемесінің 1916 жылы, сосын 1935 жылы салынған ескі ғимарараттарын бұзып, орнына жаңа кешен салуды енгізген болатын.
Осы уақытқа дейін көмекші мектеп-интернат болған мекеме қазір көмекші мектеп-интернат колледжі арнайы кешені деп аталады. Оның құрылысына мемлекет 937 миллиондай теңге қаражат бөлді. Оған колледжде мамандық алу үшін керекті кабинет, жабдық, құрал-саймандар қарастырылған. Жатын орындары ыңғайлы жатақханасы, кең асханасы, самаладай жарық сыныптары, әдемі әрленген коридоры бар ғимаратқа балалар жақын күндері келіп кіреді. Ерекше күтімді керек ететін балаларға қос мамандықты игерген педагогтар білім беретін болады.
Мәжіліс депутаты Б.Оспанов әлі де салынатын ғимараттар үшін тездетіп қаржы бөліну керек екенін айтты. Сол кезде кешен толыққанды жаңаратын болады.