Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары

142

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков ақпараттық –коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингіне қатысып, 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы қаланың стратегиялық дамуы бойынша атқарылған жұмыстарын қорытындылады.

Жиын барысында Ерғали Дәулетбекұлы БАҚ өкілдеріне өзі жетекшілік ететін тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы салалары бойынша бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында маңызды салалардың бірі — қаржы саласы. Биылғы түсімдер жоспары 451 млрд 275,4 млн теңгені құрайды. Оның ішінде салықтық түсімдер, салықтық емес және негізгі капиталды сатудан түсімдер мен трансферттер бар.

Жиында атап көрсетілгеніндей, осы жылдың 5 айында жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 121,8 %-ға орындалған. Яғни, жоспар бойынша 54 млрд. 39,6 млн.теңгенің орнына нақты 65 млрд. 820,2 млн.теңге түсіп, 11 млрд. 780,6 млн.теңгеге артық орындалды.

– Бюджеттің шығыстар бөлігін орындау жөніндегі көрсеткіштердің де жаман еместігін атап өткім келеді. Өткен жылдың қорытындысымен 452,7 млрд.теңге бюджет қаржысы игеріліп, жоспарланған меже 99,7%-ды құраған болатын. Бұл біздің қаламыздағы соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіш, –деді қала әкімінің орынбасары.

Биыл бюджет шығыстарының басым бөлігі  әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Оның ішінде бiлiм беру, әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт, туризм, ақпараттық кеңістік және  денсаулық cақтау салалары. Жалпы бюджеттің игерілуі туралы мәліметтерді қала әкімдігінің және қаржы басқармасының сайтынан көруге болады. Мәліметтер ай сайын жаңартылып отырады.

Advertisements