ШЫМКЕНТ: Инфекцияға шалдыққан бес жасар бала жазылып шықты

108

Шымкент қаласында биыл 30-шілде күні «Асар» шағынауданындағы балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен бес жасар бала ауыр халде жеткізілген. Денсаулығы сыр берген балақайды дәрігерлер жансақтау бөліміне шұғыл жатқызып, тексеру жұмыстарын жүргізген.

Науқас баладан алынған сынама нәтижесінде кавасаки тәріздес синдром анықталған. Қауіпті індет анықталған балақайдың жағдайы алғашқы үш күнде нашарлап кеткен. Тек төртінші тәулікте ғана науқас баланың жағдайы жақсарды.

Емдеу шараларымен қатар мамандар инфекцияға шалдыққан баланың ағзасындағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, өміріне төнген қауіптің алдын алды.

Өткен тәулікте covid-19 инфекциясын жұқтырған 410 жағдай (338 симптоммен, 72 симптомсыз) тіркелген. Оның ішінде 237 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 174 адам үй бақылауына алынды. Бұл туралы Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Сондай-ақ бір тәулік ішінде қалада 5024 адам вакцина алды (I компонент-2320, II компонент-2927). Егу науқаны басталғалы барлығы 404 016 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 331 171 адам вакцинаның екі компонентін алды.

Айта кетейік, медицина мамандары қала тұрғындарына карантиндік шараларды сақтауға шақырады.

Advertisements