ШЫМКЕНТ: Балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға арналған орындар ашылуда

111

Мемлекет басшысы өз Жолдауында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Осы ретте биыл елімізде 1 мамырдан бастап шығармашылық тапсырыс бойынша жаңа стратегиялық шаралар қабылданды. Яғни, осыған дейін ақылы үйірмелер мен секцияларға барған балалар енді тегін қатыса алады.

Жаңа жүйемен жұмыс жасайтын орталықтардың бірі – ЖК «Паттеев». Осында 400 бала шығармашылық тапсырыс аясында тегін үйірмеге қатысуға мүмкіндік алды. Оның ішінде 200 бала деректі және ойын көркем киносына, ал 200 бала актерлық өнер бойынша үйірмеге қатысады. Үйірме «Шығыс» шағын ауданы 28 үйде орналасқан.

Бұл жобаға қатысу үшін бизнес өкілдері Artsport.edu.kz сайтында өтінім қалдырады. Ал, ата-аналар жүйеге кіріп, керекті орталыққа балаларын жаза алады.

Үйірмеге балаларын алып келген ата-аналармен тілдескен қала әкімі Президент тапсырмасына сәйкес биылғы жылы спорттық және шығармашылық секцияларға жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілгенін атап өтті. Жаңа жоба бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыспен кез-келген спорт секциясына, шығармашылық үйірмесіне тегін бара алатынын түсіндірді.

Advertisements