ШЫМКЕНТ: “Ақжар” су қоймасы мен “Бозарық” каналына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жоспарлануда
Шымкент қаласында 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы жол картасы әзірленген. Жол картасы бойынша 2021 жылы барлық іс-шараға тиісті құжаттарды әзірлеу мерзімі болып табылады. Ал 2022-2023 жылдарға негізгі инженерлік құрылыс жұмыстар жүргізу жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі М.Әйтеновтің алдындағы есепті кездесуде Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы М.Жақсыбаев баяндады.
Департамент басшысының айтуынша, биыл Шымкент қаласының 6 елді мекені арқылы өтетін Бадам өзенінің 5160 метрлік арнасын түзету және жағалауды нығайту бойынша 3 млн. 499 мың теңге бөлініп, «QAZIN group» ЖШС-нің тарапынан техникалық тексерулер жүргізілуде екен.
Сонымен бірге, Еңбекші ауданында 1500 метр ирригациялық жүйелерін орнатуға қаржы қарастырылған. Ал, Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасымен Ақжар су қоймасының күрделі жөндеу жұмыстары мен хабарландыру жүйесін орнатуына техникалық зерттеуге келісімшарттар дайындалуда. «Бозарық» каналына күрделі жөндеу жұмысына да техникалық зерттеуге келісімшарттар дайындалуда.
Қала әкімі жоспарланған іс-шаралардың бекітілген мерзімде аяқталуын қадағалауды тапсырды.