ШЫМКЕНТ: Жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және косервілеу зауытын ашуды жоспарлап отыр
Шымкент қаласында шикізат секторынан дайын өнім секторына өту бағытында инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Солардың бірін Өзбекстан еліндегі «SLT» кәсіпорны қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында таныстырды.
Zoom жүйесі арқылы қосылған инвестор мегаполисте жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және косервілеу зауытын ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Оның айтуынша, өндіріс орны сағатына 3 тоннадан астам жеміс пен көкөністі қайта өңдеуге қауқарлы. Жоба құны 5,5 млн евроны құрайды. Құрал-жабдықтар Түркия, Бельгия, Германия және Италиядан әкелінеді деп жоспарлануда. Зауыт іске қосылғанда онда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта келісімдер жүргізілуде.
Сонымен бірге инвестор көкөністер мен жемістерді өсіру үшін жер бөліп беруді сұрады.
Отандық өнiмдерге сұранысты арттыру үшiн тауар сапасына көңiл бөлу керектiгiн айтқан қала басшысы қазіргі экономикалық жағдайда нарықта бәсекеге қабілеттілік өте маңызды екенін айтты. Әкім жобаны жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.