Шымкент инфрақұрылым сапасын арттыруды мақсат тұтады
Шымкент қаласы жолдарының ұзындығы – 3 247 шақырым. Оның 37 пайызында асфальт төселмеген. Биыл 163 көшеде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары басталды. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жолдардың үлесі 64 пайызға жетеді. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Сонымен бірге әкім 16 елді мекенде электр энергиясының сапасы төмен екенін айтып, осыны жою мақсатында биыл осы салада 14 нысанның құрылысы басталғанын мәлім етті. Халықты сапалы электрмен қамту мәселесі 2025 жылы толығымен шешіледі.
Ал, 33 елдімекен табиғи газбен жартылай қамтылса, 8 елдімекенге газ тартылмаған. Газ тарату станцияларының қуаттылығы жеткіліксіз. Биыл газбен қамту бойынша 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Газдандыру мәселесі 2023 жылы толығымен шешіледі.
Сонымен қатар, 2021 жылы бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Рысқұлов («Шымкент Дор Строй» ЖШС), Момышұлы («Омар-Транс» ЖШС), Тәшенов («Серік Бизнес Құрылыс» ЖШС) көшесінде орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Бұдан бөлек Иляев, Шаяхметов, Ақназар хан, Клара Цеткин магистралды көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Бәйтереков көшесінде «Профиленд» ЖШС тарапынан аяқжол және веложолақ салу жұмыстары атқарылуда.