Шымкентте 103 қызметі QR — код жүйесіне қосылған
Шымкентте жедел жәрдем қызметін бағалайтын жаңа ақпараттық жүйе ензілді. Енді QR -код қосымшасы арқылы 103 қызметкерлері туралы толық ақпарат алып және көрсетілген медициналық қызметті бағалауға мүмкіндік туды. Бұл үшін шақыртуға баратын жедел жәрдем қызметкерлерінің барлығының бейджигінде QR -код қосымшасы орнатылған.
QR — код арқылы пациент дәрігер және фельдшер қандай оқу орнын бітірді, жұмыс өтілі, санаттылығы туралы толық ақпаратты және қызмет көрсету сапасы туралы өз пікірін қалдыра алады. Ал қызметкерлердің бейджигінде ұйымның логотипі, қызметкердің суреті, оның толық аты-жөні және атқаратын лауазымы көрсетілген.
Жалпы үшінші мегаполисте 100 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. 103 станциясы 100 пайыз цифрлы жүйеге қосылған. Жедел жәрдем қоңырауларының барлығы біріктірілген автоматты жүйе арқылы қабылданады. Мұнан бөлек, шақыртуға баратын көліктерде GPS-навигаторы орнатылған.
Айта кетейік, бүгінде қаладағы 33 мемлекеттік медициналық мекемеде QR- код жүйесі іске қосылды. Бұл бағдарлама уақытты үнемдеу, қашықтықтан құжат алмасу, жұмысты автоматтандыруға септігін тигізеді.