ШЫМКЕНТ: «Ақылды аялдамалардың» санын арттыру жоспарлануда
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың қатысумен ұйымдастырылған пресс-тур аясында БАҚ өкілдері Солтүстік шағын ауданында пилоттық режимде орнатылған «Ақылды аялдама» жобасының жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда шаһардағы «ақылды аялдамаға» салқындатқыш, бейнекамера және антивандалды экран орнатылып, халық игілігіне берілген.
Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, аялдаманың толық аяқталуы үшін бірнеше құжаттары мен ішкі құрылысында орналасқан маршрутты көрсететін LED экран орнатылуы қажет. Алдағы уақытта жоба оң нәтиже берген жағдайда, «ақылды аялдамалардың» санын арттыру жоспарда бар.
Айта кетейік, алдағы уақытта аялдама қосымша жабдықтармен қамтылмақ, яғни ішінде салқындатқыш, бейнекамера, 2 дана LED экран, wi-fi және басқару панелі орналасады. Ал сыртқы бетінде антивандалды жарнамаға арналған экран қойылады.
Жалпы қалада 250 аялдама павильоны орнатылды. Оның 170 данасы ескі аялдаманың орнына, ал 80 данасы бос орындарға қойылуда. Айта кету керек, қала орталығынан шыққан 170 ескі аялдаманың 60%- жарамсыз, ал 40%-ы шалғай аудандардағы бос орындарға орнатуға жарайды. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде, 2025 жылы қала аялдама павильонымен толық қамтамасыз етілетін болады.