Шымкенттік кәсіпорын айына 120 тонна сағыз шығарады
Шымкен қаласындағы «NURTAU distribution company» ЖШС сағатына 300-400 кг конфет, 400-ден 500 кг-ға дейін сағыз өндіреді. Кәсіпорын жұмысын мұнан 5 ай бұрын бастаған. – Конфет пен сағыздың құрамындағы шикі заттың 70% Қазақстанда шығарылады. Айына 140 тонна конфет, 120 тонна сағыз өндіреміз. Бізде барлық құрылғылар автоматтандырылған. Ол жұмысшылардың жұмыс күшін жеңілдетуге көмектеседі. Бұл кәсіпорынды бастамас бұрын біз мемлекеттің «Даму» қоры арқылы «АТФ Банктен» жылына 14% -бен несие алдық. Қазір кәсібіміз қарқынды жүруде, – дейді кәспорынның бас технологы Айман Намазбаева.
Сағызды жасау – ең алдымен шикізатты қабылдап алудан басталады. Оның құрамына қосылатын сағыздың негізі Түркиядан келеді. Оған елімізде өндірілетін қант пен глюкозаны қосып арнайы миксер аппаратында өз температурасында араластырады. Дайын қамырды 15-20 минут тоңазтқышқа қалдырады. Кейін аппаратта механикалық күш арқылы сағыздың қамырын тығыздап біртекті етеді. Одан кейін дөңгелек пішінге енгізіп, сұрыптайды. Сосын барып бір тәулік арнайы режимде кептіріледі. 24 сағаттан соң оны жылтыратып, сатуға дайындап сыртын қаптайды.
Қазіргі таңда кәсіпорында 100-ге жуық маман жұмыс жасайды. Өндірген өнімдерін Қазақстанның барлық қалалары мен аудан-ауылдарына жібереді. Алдағы уақытта Қырғызтан мен Өзбекстанға экспорттауды жоспарлап отыр. Айта кету керек, «NURTAU distribution company» ЖШС конфеттің 2 түрін, сағызды 10 түрлі дәммен шығарады. Мұндағы конфеттердің жарамдық мерзімі 6 ай, сағыздыкі 1 жыл.