Мұрат Әйтенов онлайн режимде тұрғындарды кезекті рет қабылдады

122

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн режимде тұрғындарды кезекті рет жеке мәселелері бойынша қабылдап, сауалдарына жауап берді.
Қабылдауда 8 азаматтың мәселесін тыңдады. Тұрғындар негізінен әлеуметтік сала, жер, инфрақұрылым және баспана мәселесін көтерді.

Қаратау ауданы, Қайтпас-1 шағынауданының тұрғыны Жангелді Оспанов қоғамдық көлік, аяқ жол, электр жарығы, асфальт төсеу мәселелерін жеткізді.
Қала әкімі қоғамдық көлікті дамытудың кешенді схемасына сәйкес, Қайтпас-1 шағынауданына №4 бағытттың сызбасы бойынша 2021 жылғы қыркүйек айының соңына №104 автобус ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Қайтпас-1 шағынауданы Мадина аялдамасы бойындағы көшеге асфальт төсеу жұмыстары биыл 1 қазанға дейін толық аяқталатын болады. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 2021 жылдың соңына дейін инвестициялық бағдарлама аясында электр желілері жаңартылады. Нәтижесінде, шамамен 230 абонент сапалы электр қуатымен қамтылады.

Ал, Нұрсәт шағынауданының тұрғыны Нұржан Еденбайдың мәселесі бойынша №201 үй маңынан ирригациялық арық салуға алдағы өтетін қала бюджетінің кезекті нақтылауына ұсыныс енгізіледі. Ирригациялық арық салу мақсатында сметалық құжаттамалар әзірленген.

Сондай-ақ, Қаратау ауданының тұрғыны Данияр Сейітжанов мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығы, білім, әлеуметтік көмек мәселелерін шешетін «Арда» қоғамдық қорының жұмысы туралы ұсынысын жеткізді.
Қала әкімі «Қамқорлық» қоры арқылы аутистік диагнозымен ауыратын балаларға орталық ашу мәселесін шешу бойынша жауапты тұлғаларға 10 күн уақыт берді. Бұл мәселені шешу үшін қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанға тапсырма берді.

Қызылжар елдімекенінің тұрғыны Арман Бабатаевты баспана мәселесі қинайды. Ол 2015 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрады.
Қала әкімі мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы берілетінін атап өтті. Шымкент қаласында бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 60 азаматтың пәтермен қамтылуы жоспарланған болатын. Оның ішінде 25 пәтер пайдалануға берілді. Қалған 35 пәтер құрылыс басқармасы тарапынан пайдалануға тапсырылуына сәйкес, азаматтарға берілетін болады.

Шаһар басшысы кезекті қабылдауда тұрғындар мәселесін шешу үшін басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Advertisements